Ноғаев Ақтау қаласын абаттандыруда ғылыми тәсілдерді қолдануды тапсырды

Dalanews 24 мам. 2022 08:49 201

23 мамырда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтау қаласының орталығында орналасқан ботаникалық бақтың 50 жылдық тарихы бар. 29 гектар жерді алып жатқан бақта 1300-ден астам жасыл-желектің түрі өседі.

Оның ішінде қылқан жапырақты өсімдіктің 53 түрі, өзгеаудандық өсімдіктің 309 түрі, жеміс-жидектің 127 түрі бар. Сондай-ақ 95-і жергілікті флора болса, 487 түрі гүлді өсімдіктер. Ботаникалық бақ коллекциясында раушан гүлдің 146 түрі бар.

Ботаникалық бақ директоры Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, бақтағы өсімдіктер дүниежүзілік ботаникалық бақтар мен орталықтардың генофондынан әкелінген.


Өңірімізге әкелінген өсімдіктер алдымен бейімделу сынағынан өтеді, содан кейін олардан ассортимент әзірленеді, кейін көгалдандыруға сынақтан сәтті өткен өсімдік түрлері ұсынылады.



Сондай-ақ Ақжүніс Иманбаева қала аумағын абаттандыруда ботаникалық бақ мамандары жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсетуге дайын екенін айта келе, Ақтау көшелеріне бақта өсетін өсімдіктердің барлық түрін, соның ішінде 200-ден астам ағаш, 250-ден астам өсімдік сортын өсіруге болатынын айтты.



Ол үшін аймақтың экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жасыл желектерді күтіп-баптаудың ғылыми дәлелденген әдістерін қолдану қажет.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға ботаникалық бақ мамандарының тәжірибесін пайдаланып, қала аумағын көгалдандыруда ғылыми тәсілдерді қолдануды тапсырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x