Cоңғы жаңалықтар
Back

Нұрлан Ноғаев: «Жұмысқа шетелдіктерді емес, жергілікті тұрғындарды тарту керек»

Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен аппарат жиыны өтіп, онда биылғы оқу жылындағы ҰБТ-ға дайындық және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ облыста гидрогеологияны дамыту перспективалары талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Қызылғұлованың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы 143 мектептің 1-10-сыныптарында 155 127 оқушы білім алуда, биыл оның 73 пайызы жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда. Балалардың демалысын ұйымдастыру үшін 239 сауықтыру орны жұмыс жасайтын болады

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев балалардың сапалы демалысын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында қаралған екінші мәселе бойынша «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет баяндады.

Оның айтуынша, облыс аумағында барлығы – 258 кең таралған пайдалы қазбалар өндіретін карьер бар. Оның ішінде 221-нің өндіріс жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндігі бар, алайда 2020 жылдың есебі бойынша олардың 103-інде карьер жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Оның басты себебі – жұмысшылардың жетіспеушілігі.

Жергілікті тұрғындардың карьерлерде жұмыс жасауға қызығушылық танытпауының бірден-бір себебі – әлеуметтік пакеттердің қарастырылмағандығы, кенорын басында тұрмыстық жағдайдың жоқтығы, мұнайшылармен салыстырғанда жалақының төмендігі.

Одан кейінгі өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін Алмагүл Келбет өз ұсыныстарын айтты.

– Ауыз су мәселесін шешу үшін магистральды құбырлар тарту, суды тұшыту станцияларын тиімді орналастыру және жер асты суын барлап, қолданысқа беру қарастырылса.  Сондай-ақ, облысты сумен қамтамасыз ету, оны тиімді пайдалану және болашаққа қор есептеп, жүйелі түрде бақылау үшін – аймақ бойынша мамандандырылған гидрогеологиялық су шаруашылығы мекемесі  құрылса, сонымен қатар өңірде су шаруашылығымен айналысатын гидрогеолог мамандар жоқ. Соны ескере келе әр ауданнан озат оқушыларды іріктеп, гидрогеолог мамандығына гранттар бөлінсе деген ұсынысым бар, – деді Алмагүл Келбет.

Аймақ басшысы өз кезегінде айтылған ұсыныстардың өңірдегі ауыз су тапшылығын жою бойынша ағымдағы іс-шаралар жоспарына негіз бола алатынын айтты.

– Карьерлерді игеру оңай шаруа емес, бірақ онда шетелдік жұмыс күшін пайдаланбай, жергілікті тұрғындарды тарту керек. Мигранттар көбінесе бейресми жұмыс істейтіндіктен, олардың құқығы қорғалмайды. Ал тиісті органдардың міндеті – заңсыз еңбек күшін пайдалану фактілерінің алдын алу. Екінші ұсынысқа келсек, су шаруашылығы, жер асты сулары мәселелерімен айналысатын мемлекеттік орган құруды қолдаймын. Бұл салада кадр даярлау мәселесін шешу үшін гидрогеологияны меңгергісі келетін мектеп түлектеріне де қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі білім басқармасына гидрогеолог мамандарды даярлауға Маңғыстау облысы әкімдігінің мемлекеттік гранттарын беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырып, бұл саланың өңір үшін өте маңызды және өзекті екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз:

Ноғаев Өзбекстанның Ақтаудағы бас консулымен кездесті