«Барлық құжаттарды әкеліп, жағдайды баяндаңыз!». Бозымбаев сағызша созылған құрылысты сынап тастады

Dalanews 23 сәу. 2022 05:53 107

«Алакөл ауданында қаңтар-наурыз айларында инвестиция көлемі 6% артып, 5 млрд теңгені құрады. Инвестиция тарту жағынан облыста жетінші  орынға ие. Соған қарамастан өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі бар болғаны 0,6% құрап отыр. Сол сияқты облыс көлемінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 89% болса, бұл көрсеткіш Алакөл ауданында әзірге небары 44,5%. Сондықтан биыл 32 км жолды қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге бөлінді. Дегенмен жол жөндеуге әлі де көп көңіл бөлу керек». Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев осылай деді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы әкімінің айтуынша, ауданда 24 кәсіпорын болса, соның 18-і өңдеуші кәсіпорындар, соның ішінде 15 наубайхана, 2 балық өңдеуші, 1 бал өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді.

Дегенмен шикізат жетіспеушілігіне байланысты «Поляков» күнбағыс майын шығару цехы, «Алакөл-Нан» майлы дақылдарды өңдеу цехы, «Қайыңды» ет өңдеу кешені тоқтап тұр. Жүктемесі азайған кәсіпорындар да бар. Сондықтан дақылдар өнімділігін арттыру, тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру және өндіріс көлемін ұлғайту шараларын жедел қолға алу қажет.

Әкім баяндамасында айтылғандай, Тоқжайлау, Қоңыр, Бибақан, Кеңес ауылдарын орталық сумен жабдықтау үшін ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ, Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде 4 ауыл орталық су жүйесімен қамтылып, тағы 4 ауылда ауыз су сапасы жақсарады. Жолдарды жөндеуге де көп көңіл бөлінетін болады.

Облыс басшысы өз сөзінде Алакөл көлінің туристік әлеуетіне ерекше тоқталды. Мәселен, жазғы маусымның қорытындысы бойынша қосымша авиарейстер мен пойыздар есебінен көл жағалауына 1 миллионнан астам адам келді.


– Жағалауды абаттандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Соның ішінде Ақши ауылының сумен жабдықтау жүйесі жаңартылып, салынды. Жыл соңына дейін Үшарал қаласы әуежайының ұшып қону жолағының, «Қабанбай-Көктұма» автожолының жөндеуі аяқталады. «Қазақстантеміржолымен» «Тальго» жүрдек пойызын жүргізу туралы меморандумға қол қойдым. Бұл рейстер жергілікті бюджет есебінен субсидияланатын болады, – деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Бұдан басқа, электр энергиясын берудегі проблемалар да шешімін табуда. Осындай шаралардың арқасында биылғы жаз маусымында Алакөл көлінің жағалауына 1,4 миллион демалушы келеді деп күтілуде. Облыс әкімінің айтуынша, бұл ретте барлық жоспарланған объектілер құрылысының дер кезінде аяқталуы ерекше бақылауда болуы керек.

Сол сияқты денсаулық сақтау, білім бері, әлеуметтік салалардың жай-күйі де талқыланды. Мәселен, медицина саласында санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етуде, кадр табу жағынан мәсәлелер ауданда әлі де бар.

Бір қуанарлығы, Ақши ауылындағы «Жалын» қала сыртындағы лагері қайта жаңартылуда. Нысан іске қосылғанда оқушылардың сүйікті демалыс орнына айналады. Достық және Лепсинск ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы осы жылы аяқталады. Құрылысқа 1 млрд теңге бөлінген.

Алакөл ауданына жасаған сапары кезінде Қанат Бозымбаев ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, спорт, жол және көлік, коммуналдық шаруашылық нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Бұдан әрі аудан тұрғындарымен кездесіп, ашық әңгіме жүргізді. Жиында алакөлдіктер пайдаланылмаған жерлерді игеру, тұрғын үй құрылысына, бетон зауытын салуға жер учаскесін бөлу, суармалы су тапшылығы, көлдің жағалауын бекіту, жағалауды тазалау, жылу қазандығын жөндеу, мал терісі мен жүнін өңдейтін кәсіпорын ашу, Қабанбай ауылына спорт кешенін салу,  Үшарал – Ақши, Теректі – Талдыбұлақ және басқа да елді мекендер арасындағы жолдарды, кіші көпірлерді жөндеу сияқты өзекті мәселелер көтерді.

Көктұма ауылының тұрғыны жағалауды бекіту мәселесіне ереркше тоқталды.

– Көл жағалауының 13 шақырымын бекіту жұмыстары Көктұма ауылынан 2020 жылы басталған. Бірақ қазір жұмыс тоқтап тұр. Бар жасалғаны 800 метр жер. Соның ішінде Көктұмаға тиесілісі 200 метр ғана. Көктұма ауылының Береговое көшесін су алып кетті. Екінші көшенің 500 метр жолын су алып, бағана құлап, ауыз су желісін де су шайып кетті. Шығысқа шығатын жол тупик болып қалды. Жағалауды бекіту жұмыстарын қайта қолға алсаңыздар екен, – деді зейнеткер ауылдастарының өтінішін жеткізіп.

Бұл туралы мердігермен келісімшарт жасасқан облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, 13 шақырымда белгіленген бекіту жұмыстарының 3 шақырымы Көктұма ауылынан өтеді. Қазір мердігердің жауапсыздығына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Осы жұмысқа биыл 500 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Қазір жағалауды бекітуге қажетті материалдар жеткізілуде. Жуық 15-20 күнде жұмыс басталады.

Құрылыс басқармасы басшысының жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев 2 жылда нәтиже жоқ болса, оның үш себебі болуы мүмкін екенін айтты: не мемлекеттік орган жобаны дұрыс дайындамаған, не қаржыландыру кешеуілдеген, не мердігердің жауапсыздығынан орын алып отыр. Ал мердігер жауапсыз болса, келісімшартты бұзу қажет.


– Ең алдымен дұрыс мердігерді анықтау керек. Мамыр айы басталуға жақын, ал олар әлі материал дайындап жатыр. Бұлай болмайды, келесі дүйсенбіде бүкіл құжаттарды алдыма алып келіп, жағдайды баяндайсыз. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда болады» деді Қанат Бозымбаев облыстық құрылыс басқармасының басшысына.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x