Атырауға жыл соңына дейін 2 мың тонна ұн, 200 тонна күнбағыс майы жеткізіледі

Dalanews 22 сәу. 2022 01:53 239

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірді ұн және күнбағыс майымен қамту үшін келісім шарт жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысы әкімдігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арасындағы келісім нәтижесінде «Желаев нан өнімдері комбинаты» арқылы аймақтың наубайханаларына қажетті 1-ші сұрыпты 2000 тонна ұн жыл соңына дейін жеткізіледі.

– Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтың тапсырмасымен «Желаев нан өнімдері комбинаты» ЖШС-нің басшысы А.С.Матевосянмен кездесіп, Атырау облысына тұрақты түрде 1-ші сұрыпты ұн тасымалдау бойынша келіссөздер жасалды. Бұл мекеме осыған дейін де өңірдегі наубайханалар үшін 1-ші сұрыпты ұнды төмен бағамен беріп, біраз көмегін жасап келген болатын. Алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар ұн, күнбағыс майы секілді өнімдер Атырауға жергілікті өңір кәсіпкерлері және «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы еш кедергісіз тасымалданады, – деді Қайрат Нұрлыбаев.


Сонымен қатар, облыста 1-ші сұрыпты нан бағасы «Дәулет Нан» ЖШС-нің барлық сауда нүктелерінде тұрақты, 90 теңгеден сатылуда.

Ал, күнбағыс майын Орал қаласындағы «Белес-Агро» кәсіпорнынан қажетіне қарай 200 тоннаға жуық көлемде сатып алу үшін келісім жасалған. Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, сондай-ақ Атырау облысы әкімдігімен өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамту және олардың бағасын тұрақтандыру мақсатында еліміздің басқа да облыстарымен және жақын шет мемлекеттерімен тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x