Мәслихат депутаттары елорданың инфрақұрылымдық даму жоспары қолдады

Dalanews 20 сәу. 2022 09:26 252

Елордада тұрғындардың саны жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, әлеуметтік нысандарға да, инженерлік желілерге де қосымша күш түсіп отырғанын байқауға болады. Су, жылу және электрмен жабдықтау, кәріз-тазарту құрылыстары, нөсер кәріздерін реттеудің маңызы зор. Инфрақұрылымдық даму – өмір сапасының негізгі көрсеткіші әрі қаланың даму факторының көрсеткіші екені аныұ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов бүгін мәслихат отырысында инфрақұрылымды жүйелі дамыту – стратегиялық нысандар құрылысы туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

– Тұрғындар санының өсуі мен қаланың даму динамикасын, яғни жаңа құрылыс аудандарының ашылуын ескере отырып, алдымен жылу, электр, су беру қуатын арттыру қажет. Осы факторларға өмір сүру жайлылығы, қаланың дамуы, инвестиция тарту тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселені шешу үшін бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз.

Мысалы, суға қатысты мәселелерді шешу үшін өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі Ал 2023 жылдан бастап жаңа ССС-3 жұмысының қуатын ұлғайтамыз. Бұл болашақ құрылыс алаңдарын ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазіргі су беру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір тәулігіне 300 мың текше метрді тұтынсақ, онда ССС-3 қуаты тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам қуат береді. Сондай-ақ, ССС-3-ке ұзындығы 18 км су бұрғышты саламыз, – деді Алтай Көлгінов.


Елордада соңғы 3 жылда 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынғаны себепті жылумен қамту қуатын арттыру қажет. Ол үшін қала әкімдігі ЖЭО-3 құрылысын жаңғыртудан бөлек үш жергілікті газ қазандығын жобалау бойынша жұмыстарды бастады.

Газ қазандықтарының қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, бұл ЖЭО-3 қуатынан 3 еседен аса көп. Бұл құрылыс жүретін перспективалы аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елордада қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды. Сондай-ақ, газ тарату желілері қалған екі ауданда салынатын болады.

Бұдан бөлек, кәріз тазарту құрылыстарын жобалау (КТҚ-2) бойынша жұмыстар жүргізілуде, сол сияқты электр желілерін жаңғырту, «Арай», «Жұлдыз» ауданында қосалқы станцияларды жобалау және реконструкциялау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл мәселелер қазір бақылауымызда.


Сондай-ақ, қала мәслихаты тұрғындар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын, тиісінше қала көшелеріне түсетін күштің ұлғаюын ескеріп, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық бақылауды әзірлеуге мүмкіндік беретін кешенді көлік схемасының (ККС) тұжырымдамасын қабылдады. ККС сондай-ақ жаңа көлік көпірлерінің, көлік айрықтарының санын ұлғайтуды, көшелерді кеңейтуді, қоғамдық көлікті айтарлықтай жаңғыртуды көздейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x