Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданының тұрғындарымен бірқатар кездесті

Dalanews 07 сәу. 2022 04:40 382

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына үш күндік жұмыс сапарымен барып, Ақшымырау және Шайыр ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақшымырау ауылында өткен жиында ауыл әкімі Руслан Жұмаханов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Нұрлан Ноғаев өз кезегінде жиналғандарды облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті, сұрақтарға жауап берді және жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.

Облыс әкімімен кездесуде тұрғындар мобильді желі мен интернеттің, автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, медициналық орталық салу, жұмыспен қамту, мал азығы, ветеринария саласындағы мамандар үшін жақсы жағдай жасау мәселесін көтерді.

Өңір басшысы көтерілген мәселелер басымдылықтарына қарай жүйелі түрде шешілетінін атап өтті.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықпен тығыз байланыс орнату бойынша нақты тапсырмалар берді. Біздің алдымызда бірінші кезекте халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және білім сапасын жақсарту міндеті тұр. Қалған мәселелерді біз басымдық тәртібімен шешетін боламыз. Бұл жерде екі басты қағиданы қолдану қажет: әділеттілік пен ашықтық, – деді Нұрлан Ноғаев.

Ақшымырауда 1255 адам тұрады. Ауылда мектеп, бөбекжай, дәрігерлік амбулатория және мәдениет үйі жұмыс істейді.

Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев Шайыр ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауыл әкімі Ғани Тәжиев 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, ағымдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Жиналысқа қатысушыласпор кешенінің құрылысына, экологияға, карьерлердегі кәсіпорындардың жұмысына, ауылды көгалдандыруға және т. б. қатысты мәселелерді көтерді.

Өңір басшысы жергілікті тұрғындарды ел дамуына белсенді атсалысуға шақырды.

– Жаңа Қазақстанды бір күнде құрамыз деп ойлау қате пікір. Реформация үшін уақыт қажет. Сондай-ақ, өзімізден басқа ешкім елімізді жақсартып бермейтінін түсіну маңызды. Біз бірлесіп, жаңа Қазақстанды құру жолында еңбек етуіміз керек, – деді Нұрлан Ноғаев.

Шайыр ауылдық округінде 1724 адам тұрады. Мұнда Т. Жалғасбайұлы атындағы орта мектеп, 80 орындық "Қызғалдақ" балабақшасы, ауылдық емхана, фельдшерлік-акушерлік медпункт, мәдениет үйі және т. б. қызмет етеді.



Есеп беру кездесулерінен кейін облыс әкімі Ақшымырау және Шайыр ауылдарында тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдады.

Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданының жастарымен кездесті. Жиында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті

Маңғыстау ауданына барған бірінші күнінің қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x