Биыл елорда әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтарға 1300 грант бөледі

Dalanews 02 сәу. 2022 10:53 283

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында баспана мәселесі, сол сияқты жоғары білім алу үшін әкімдік тарапынан бөлінетін гранттар жайлы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Апта сайын тұрақты түрде азаматтарды қабылдап, аудандар мен елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесеміз. Осыған дейін айтқанымдай, қала тұрғындарынан келіп түсетін негізгі сұрақтардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде әлеуметтік пәтерлерді салу көлемі едәуір артты. Тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты кеңейтілді, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы енгізілді, тұрғын үй сертификатының сомасы ұлғайды, – деді Алтай Көлгінов.

Өз кезегінде елорда әкімі қалада жоғары білім алу да жүйелі мәселелердің бірі екенін айта келе, алдағы жаңа оқу жылында әкімдік педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға жалпы саны 1300 грант бөлуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Болашақта грант иелері оқуын тәмамдағаннан кейін қаладағы денсаулық сақтау мекемелеріне бірден жұмысқа орналасатын болады.


– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы ұстаздар мен медицина қызметкерлеріне жағдай жасауға және оларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Дәрігерлердің жалақы мөлшері артып, біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізудеміз. Осындай іргелі жұмыстардың арасында медициналық және білім беру орталықтарының желісі кеңеюде, – дейді елорда әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x