Back

Түркістанда экобазар ашылды

Түркістан жұртшылығы мен қонақтары үшін Қазақстанда теңдесі жоқ Экобазар ашылып, азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.  Онда Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылды. Берекелі жәрмеңкеге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысты.

Экобазар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Және өндірушілердің өнімдерін делдалсыз тікелей сату жүйесін қалыптастырады. Сонымен бірге, экобазар – туризмді дамытуға бағытталған жол. Өйткені автовокзал жанында, халықаралық әуежайға барар жолда орналасқан сауда кешенінде Түркістан өңірінің барлық өнімдері ұсынылады.

Мерекелік жәрмеңкеге 50-ге жуық тауар өндірушінің 411 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері базар нарқынан  15-20 %-ға  төмен бағада ұсынылды. Атап айтсақ, 55 тонна ет пен ет өнімдері, 148 тонна көкөніс және өзге де тауарлар әкелінген.

Наурыз мерекесі Түркістандағы  «Жібек жолы» саябағында да ұйымдастырылды. Мұнда қазақ мәдениеті мен руханиятынан сыр шертетін іс-шаралар өткізілді.  Еңселі киіз үйлер тігіліп,  қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, қазақтың әндері шырқалды. Ұлттық спорт түрлері насихатталып, ойындар ойналды. Өңірдің эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, наурыз жырлары жырланды. Наурыз көже таратылды. Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты мерекемен құттықтап,  тарихи Түркістанның келешегі жарқын боларына сенімді екенін жеткізді.

– Қадірлі Алаш жұрты! Құрметті түркістандықтар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!  Шежіреге толы Түркістан облысының қонақжай және еңбекқор, бірлігі жарасқан халқы жылды толайым табыстармен қарсы алып отыр. Облыстың инфрақұрылымын жақсарту, елдің әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркі әлемінің орталығы – Түркістан қаласы жаңа кейіпке енді. Үш жылдан астам уақыт ішінде Түркістанның инфрақұрылымы қаланып, тұрғын үйлер салынды, халық игілігіне қызмет ететін ғимараттар саны күрт артты. Өңірде «Жасыл белдеу» аумағы ұлғайып, су қоймалар салынды. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, әрбір бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Осы іс-шарада өңір басшысы Түркістандағы ұлы мерекеге республикалық және өңірлік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.  Үш жылдан астам уақыт ішінде жүзеге асқан жобаларға тоқталып,  Жаңа Қазақстанды құру бағытындағы бетбұрыстарды баяндады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.