Әсерлі әнімен қазақтың жанына шуақ сыйлаған әнші

Dalanews 19 нау. 2022 10:12 373

Роза Бағланова – 100 жыл

 

Бүгінде елімізде аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы жер-жерде жоғары деңгейде аталып өтуде. Қазақтың маңдайына біткен аяулы әншісі Кеңес заманында да, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдары да қазақ әнін шалқытып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге бар күшін жұмсады. Роза Тәжібайқызы өзінің 89 жылға созылған саналы ғұмырының 70 жылын сахна төрінде өткізді. Осылайша, қазақтың бұлбұл әншісі өмірінің соңына дейін өнерден қол үзбеді десек болады.

Роза Тәжібайқызының таланты елімізді былай қойып, бүкіл әлемді бас идіргені анық. Оның таланты қай заманда болса да бағаланып, халықтың ықыласына бөленумен болды. Аяулы әншіміз Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында ән салып, соғыстан қажыған мыңдаған сарбазды жігерлендіріп, фашистерге қарсы тұруға ықпал етті. Осылайша, Роза Тәжібайқызы өнерге сіңірген еңбегінің арқасында жоғары мемлекеттік наградалардың бәріне ие болып, қазақ өнерін әлемге танытумен болды.

Қазіргі жас буын қоғамдық формацияның екі кезеңінде өмір сүрген Роза Тәжібаева жайында өте терең білмеуі мүмкін. Егер де кімде-кім жезтаңдай әншінің өмірі мен шығармашылығы жайында тереңірек білгісі келсе, 2007 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген әдебиетші Ұрқия Иманбай жазған «Айналайын халқымнан еркелеткен!» деп аталатын ғұмырнамалық-хамсасына парақтап шығуға кеңес береміз.

Аталмыш кітапты парақтағанда Роза Тәжібайқызының әнші болып қалыптасуына қатысты көптеген қызықты жайттарға қанығуға болады. Оның өнер әлеміне ең алғаш қалай аяқ басуы, соғыс жылдарындағы өнер адамдарының бастан кешкен қиындықтары, содан кейін еліміз Тәуелсіздікке ие болып, халқының ыстық ықыласына бөленген ұмытылмас сәттерінен жан-жақты тәпсірленген.


Роза Тәжібайқызы 1922 жылы бақуатты қазақ отбасында дүниеге келген. Алайда сол кездегі саяси дүрбелең кезінде бай да, кедей де бірдей болғаны белгілі. Тұтас Қазақстанды қамтыған ашаршылық та Роза Тәжібайқызының отбасын айналып өткен жоқ. Талантты әншінің балалық шағы аштық жылдарына сәйкес келгендіктен ол ерте есейді. 1933 жылы отбасының асыраушысы әкесі қайтыс болғаннан кейін қаршадай қыз күнделікті тіршілікке ерте араласып, ересектермен бірдей еңбек етуіне тура келеді.

– Мен Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келдім. Әкемнің екі әйелі бар болатын. Бірі ұлты татар Мариям апам болса, екіншісі мені өмірге әкелген Ақкүріш анам. Біздер қандай қиындық болса да тату тұрдық. Менің анам баян тартып, ән салғанды жаны қалайтын... Менің әжем байдың қызы болатын. Сол әжемнің соңынан келген жасаудың арқасында біздер аштықтан аман өттік. Әжемнің жасауымен келген күміс ыдыстарды нанға айырбастап, жан сақтағанымыз есімде. Сол бір қиын кезеңде әжем түнімен сырмақ тігіп, арасында әуелетіп ән салып отыратыны есімде, – деп жезтаңдай әнші балалық шағындағы қиын кезеңді еске алған болатын.

Сталиндік жүйенің қолдан ұйымдастырған аштығы жүздеген мың қазақ отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, өмірін жалмағанын тарихтан білеміз. Осы қиындықты Роза Тәжібайқызы жастайынан көріп өсті.

Ол кезде балалардың хат танып, білім алуы да қиын шаруа еді. Қазіргідей әр ауылда мектеп жоқ. Балалар бірнеше шақырым жердегі мектептерге қатынап оқуына тура келді.

– Біздің мектебіміз бізден 4-5 шақырым жерде орналасқан көрші ауылда болатын. Соған жаяу-жалпылап барып оқыдық. Сабаққа қатынау қыста қиын болатын. Өңменіңнен өтетін үскірік аязбен арпалысып, қалың қарды омбылап мектепке әрең жетуші едік. Сол кезде үстімізде жылы киімде жоқ. Үйде қалың киім болмағандықтан, анам мені одеялға орап, белімді жіппен буып, басыма өзінің түбіт шәлісін салып беруші еді. Осылайша, барымызды киіп жүріп, оқудан қалмадық, – деген еді бір естелігінде әнші.  


Роза Тәжібайқызы мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Қызылордадағы пединститутқа оқуға түседі. Дәл осы кезеңде Роза Тәжібайқызының отбасы қайтыс болғаннан кейін алып келген жәрдемақысы тоқтатылады. Бұдан кейін болашақ әнші Ташкенттегі тоқыма институтына ауысып, сырттай оқуға мәжбүр болған екен. Мұнда жас студент қызды оқу орны тегін жатақхана мен тамақпен қамтыған.

Бірде жас қыз бар даусымен қазақтың халық әнін орындап отырғанда көшеде кетіп бара жатқан бір машина кілт тоқтап, көліктің ішінен түскен кісі жас қыздың әнін үнсіз тыңдайды. Бұл кісі Өзбекстанның республикалық филармониясының директоры Кары Якубов еді. Ол әнді аяғына дейін тыңдап болғаннан кейін филармонияда ән салып, жұмыс істеуге шақырады. Осылайша, ойламаған жерден Роза Тәжібайқының өнердегі үлкен жолы басталып кетеді.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін филармонияда әуелетіп ән салған жас қыздың талантына тәнті болған сол кездегі Өзбекстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Осман Юсупов қазақтың қаршадай қызының талантына тәнті болады. Ол Роза Тәжібайқызымен жақын жақсы қарым-қатынаста болып барынша қолдау көрсетті. Юсупов жас әншінің биік белестерді бағындыруы керек екенін түсініп, қолына қаржы беріп, Мәскеу консерваториясына білімін шыңдауға жолдама береді. Сол бір кезең жайында Роза Тәжібайқызы өзінің естелігінде: «Осман Юсупов менің талантымды бағалап, барлық жағдайымды жасады. Ташкенттің ортасынан бес бөлмелі баспана беріп, ішін жиһазға толтырып берді. Күйсандық пен концертке киіп шығатын көйлектерімді де алып берген еді» деп еске алады.

Осылайша, тума талант Кеңестер Одағына өзін дәлелдеп, қазақ өнерінің өрісін кеңейтті. Роза Тәжібайқызы 1986 жылы орын алған Желтоқсан оқиғасы кезінде де жастарды қолдап, азаматтық позициясын ашық айтқан санаулы өнер иелерінің бірі.

Өрімдей жас қыздарды әскер мен құқық қорғау органдарының өкілдері шаштан сүйреп, аяқпен теуіп жатқанда оларға ара түсіп, сол кездегі шенділерге көзқарасын ашық айтты. Бүкіл одақ танитын әншіге Колбиннің жандайшаптарының қылар амалдары болмаған соң, іштерінен тынуға мәжбүр болды.


Роза Бағланова апамыз қанша биікке көтерілсе де халықтан іргесін ажыратпағанымен ерекшеленді. Сол кездегі өнер иелері сияқты Мәскеуге көшкен жоқ. Елдің ішінде болды.  Жезтаңдай әншінің орындауындағы әндер қазақ жерін әлі талай ғасыр әлдилеп, күш-қуат сыйлайтыны анық.

Биыл Роза Тәжібайқызының 100 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өзі ұзақ жыл қызмет еткен Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы филармонияның алдында ескерткіші орнатылуда. Талантты әншінің әні мен атын жас ұрпаққа таныту үшін алдағы уақытта көптеген жұмыстар атқарылатыны анық.

Нұрлан БҮРКІТБАЙҰЛЫ   

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x