Жетісуда Амал мерекесі тойланды

Dalanews 14 нау. 2022 11:10 264

Ұлыстың ұлы күні Наурыздың бастауы – Амал мерекесі алты алаштың төріне келді. Осынау, текті жұрт үшін ұлық мерекені тойлау Жетісу жерінде де басталып кетті.  Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрдың ұжымы, қазақ халқына тән даналықты көрсетіп, өскелең ұрпаққа көне мерекенің мән-маңызын ұғындырмаққа жол салды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Жергілікті өнер майталмандары екі топқа бөлініп, Талдықорған қаласындағы білім ошақтарына бас сұғып, амандық сұрасты.

Театр әртістері облыс орталығындағы №28 IT мектеп-лицейінің,  №1 Абай, М. Ломоносов, Д. Рақышев атындағы  білім ошақтарына барып, ұстаздары мен оқушыларымен көрісті.

Жетісу көгін 20-ға жуық өнер адамы әуезді әнмен әуелетіп, «Көрісу күні» мейрамының ерекшеліктерін дәстүрге сай көрсетіп бақты. Өз кезегінде оқушылар, қос ішектен күмбірлетіп күй төгіп, ән салып, «Қара жорға» биін биледі. Ал, театр серкелері талабы таудай балаларға тәтті-дәмдіні тарту етті.

Адамзаттың дүние-танымын қалыптастырудағы негізгі институт – мектеп. Сондықтан да, театр ұжымы Амал мерекесін дәл осы мекемеден бастап, аяғын ауқымды шараға ұластырды.


– Көрісу-халық қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күні бір-бірімен қуана қауышқан, ізгі ниет-тілегін жаудырған қазақтың ежелгі мейрамы. Бұл мерекенің басты мақсаты қазіргі өскелең ұрпаққа салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, балаларға мирас етіп қалдыру.  Шараға мектеп жасындағы оқушылар, жастар қауымы жиналды. Жоғары буын өкілдері ежелден сақталған дәстүрді көпке кеңінен таныстырды, – дейді Б. Римова атындағы драма театрының директоры Руслан Исабекұлы.

Айта кетейік, Б. Римова атындағы драма театр әртістері І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Беташар», «Тұсау кесу», «Май жағу» сынды  қазақтың ата-дәстүрінен сахналандырылған көрініс қойды. Сондай-ақ, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін ақ дастархан жайылып, қонақтар назарына  үлкен мерекелік концерт ұсынылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x