Созақта жүзге келген ел аналарына кұрмет көрсетілді

Dalanews 06 нау. 2022 02:37 382

Созақ ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне қарсаңында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков 100 жастан асқан ел аналарын арнайы барып құттықтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.  

Қарақұр ауылында тұратын 102 жастағы Сырғакүл Керімбекова мен Сызған ауылында тұратын 103 жасқа толған Дүйшет Қалаубаеваларды мерейлі мерекемен құттықтап, иықтарына орамал жауып, сый-сияпат жасады. Мерекелік гүл шоқтарын ұсынды.

– Ғасыр жасап, өмірдің ащы-тұщысын көрген әжелеріміздің өмір жолы баршамызға үлгі. Бұл кісілер елдің анасы. Сіздердей аналардың бата тілегі ұрпаққа күш-қуат береді. Елдің амандығын жұрттың тыныштығын тілеп, аман жүріңіздер, – деп құттықтады аудан басшысы.


Айта кетерлігі, 1920 жылы Созақ ауылында дүниеге келген Сырғакүл Керімбекова әженің кіндігінен 4 ұл, 1 қыз тарап, бүгінде 15 немере 25 шөбере, 7 шөпшек көріп отыр.

Колхозда жұмысшы, сақпаншы болып ауыр жұмыс істеген. Созақ, Қаратау совхозында есепші болған. Саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған аяулы жан. Ал сызғандық Дүйшет Қалаубаева әжеміз биыл 103 жасқа толды. Тыл және еңбек ардагері. «Асыл әже» медалін кеудесіне таққан. Ел анасы 3 қыз 2 ұлдың анасы. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек көріп отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x