«Үздік тәжірибелер орталығы» жобасы ауруханаларды Еуропалық талапқа сай етеді (фото)

Dalanews 01 нау. 2022 11:59 241

Жамбыл облысы Меркі аудандық ауруханасында Еуропалық талаптарға сай «Үздік тәжірибелер орталығы» атты жаңа жоба жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетудің жаңа әдісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдаған. Орталық өткен жылы тамыз айында ашылған. Емдеу мекемесінің ашылуына ДДСҰ Еуропалық кеңсесінің директоры Мэлита Якуп және Азиялық кеңсенің директоры Арнольдас Юргутис арнайы келіп қатысқан.

«Үздік тәжірибелер орталығының» ең басты ерекшелігі қоғамға, адамға бейімделген бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жүзеге асыру,- дейді мекеменің бас дәрігері Жанар Оспанова.



«Біздің басты мақсатымыз бастапқы көмекті халыққа қолжетімді және сапалы ету. Соған байланысты біз үш принципті қолдандық. Біріншісі, емханада кезек күттірмей медициналық қызмет алу, ол үшін бүкіл қызметтерді электронды денсаулық сақтау жүйесіне 100% өткізіп, науқастар үйде отырып дәрігердің қаралуына жазыла алады. Одан бөлек QR кодтар арқылы жазыла алады. Осы арқылы біз ауруханаға келетін науқастардың сағаттап кезекке күтуін жойдық. Ең бастысы осы электронды жүйе арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық жойылды», – деп түсіндірді аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Мықтыбекқызы.



 

Емханадағы тағы бір ерекшелік, келетін барлық науқастардың бағытын анықтау. Яғни, сау науқастарды ауру науқастардан ажырату. Дені сау, скрининг-профосмотрға келетін науқастарды жасыл аймаққа қарай, ал консультациялық, диагностикалық ем алуға келген науқастарды сол жаққа, сары аймаққа бағытталған. Жеке жедел медициналық көмекті қажет ететін науқастарды қызыл аймаққа орналастырып, 10 минутқа дейін медкөмек көрсетіліп, науқастардың өміріне төніп тұрған өлім қаупін азайтып, жағдайын тұрақтандырып, реанимация бөліміне жатқызады.

Ескере кететін тағы бір жайт, жаңа жоба жүзеге аса бастағаннан кейін Меркі ауданында алғашқы медико-санитарлық көмекке түсетін шағымдар 80% азайған.

Ауруханаға келген науқасты әр жерге жіберіп, күттіріп жүрмейтіндей, сұрағын шешіп кетуге толық жағдайлар жасалған.



 



Облыста «Premy Health Care» ұлттық ассоциациясымен бірге алғашқа медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілген. Жаңа технологиялар әлеуметтік интергацияланған түрде адамдарға, тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған. Оның басты ерекшелігі емдеу мекемелеріндегі жұмыс әлеуметтік салалармен тығыз байланысты. «Үздік тәжірилер орталығына» құнды аппаратты орнату арқылы адам ағзасындағы су, белок, май, салмақ сынды барлығы жиырмадан астам түрін анықтауға мүмкіндік берілген.



«Ауру қайдан пайда болады? Барлық мәселе отбасында. Адамдар дұрыс тамақтанбайды, әлеуметтік жағдайы қалай, отағасы ішімдік ішуі мүмкін, отбасындағы психикалық жағдай нашар болуы мүмкін дегендей. Сондықтан, әрбір учаскедегі әлеуметтік қызметкер ауырып келген отбасыға арнайы портрет жасайды, ол жерде қандай проблема бар, аурудың қайдан шыққаны, себебі деген сияқты түрлі мәселелер қарастырылып, бағаланады. Сосын сол әлеуметтік мәселелер арқылы, әкімдік арқылы көмек көрсету немесе отбасындағы адамдармен, ата-анасымен жұмыс жасау деген сияқты жұмыстар атқарылады. Әлеуметтік қызметкерлер дегеніміз арнайы дайындықтан өткен мамандар. Олардың басты мақсаты өз учаскесіндегі әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау. Мысалы, әкесі мен анасы жұмыссыз болса, әкімдікке шығып, жұмыс тауып беруге, АӘК тағайындауға, өзінің заңдық құқығын білмейтін тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуді жүзеге асырады. Осы жаңа жобаны қосымша тағы төрт ауданда жүзеге асырғалы жатырмыз. Қордай, Рысқұлов, Талас аудандары және Шу қалалық емханасында. Бізге басты қолдау көрсетіп отырған «Premy Health Care» ұлттық ассоциациясы. Олар бізге нақты мамандарды беріп, қалай ұйымдастыру керек, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оларды оқыту, адами капиталға инвестиция жасау сынды үлкен мәселелерді бірлесе шешіп жатырмыз», -деді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

  

Мекемеде арнайы жастар орталығы да ашылған. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген жастар қатыса алады. Спортпен шұғылданып, психологтың көмегін тегін алып қана қоймай, спирттік ішімдіктердің зияны, дұрыс тамақтану сынды көптеген кеңес-мағұлматтарды да тыңдай алады. Мамандардың сөзінше, орталық ашылғалы үш мыңға жуық адам келіп, қажетті көмегін алған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x