Елордада тағы бір Оқушылар сарайы бой көтеруде

Dalanews 16 ақп. 2022 12:25 197

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай қала тұрғындарының өтініші бойынша қаланың сол жағалауында Оқушылар сарайының құрылысы басталғанын мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Осыған дейін «Номад», «Сармат», «Инфинити» сынды тұрғын үй кешендерінің тұрғындары қаланың сол жағалауында Оқушылар сарайын, жаңа мектеп және гүлзар салу өтініш айтқан еді. Алдағы уақытта бұл – проблемалардың бәрі шешілді. Мысалы, Тұран даңғылы бойында жеке инвестициялар есебінен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта алаңды бөлшектеу (демонтаж) және тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы аумағы шамамен 5 мың шаршы метрді құрайды. Кешенде бассейн, робототехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін, хореография, спорттық-бал биі, гимнастика, шахмат залдарын ашу жоспарланып отыр. Бұл Оқушылар сарайы қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда ашылмақ. Себебі алғашқы салынған Оқушылар сарайы қаланың оң жағалауында орналасқан, – деді қала басшысы.



Қала тұрғындары мектеп құрылысы мәселесі бойынша әкімге өтініш айтқан еді. Алдағы уақытта Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында «Поколение» тұрғын үй кешенінің ауданында 2400 орындық мектеп салынбақшы. Бүгінде білім беру ордасының қазаншұңқырын қазу мен қадаларын қағу жұмыстары басталып кетті.


Сонымен қатар, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында № 59 мектеп аумағында (Сауран көшесі, 5/1) 1200 орындық қосымша корпус салынбақшы. Жаңа нысан наурыз айының соңына дейін мемлекеттік сараптамадан жобалық-сметалық құжаттамасы шығатын болады. Ал сәуірде мектеп құрылысына конкурс жарияланады. Өз кезегінде әкім биыл қаладағы мектеп құрылысына қаражат қарастырылғанын айтты.



– Үшінші мәселе – ашық аспан астында бос уақытты пайдалы өткізетін орын құру. Абаттандыру маусымы басталысымен Қабанбай батыр даңғылының бойында («Инфинити» ТК қарама-қарсы) аумақты көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп, қоғамдық кеңістік саламыз, – деді елорда әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x