Түркістан облысында 670 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алады

Dalanews 03 ақп. 2022 15:32 209

Бүгінгі таңда жалпы Түркістан облысы бойынша әлеуметтік төлем алушылар саны – 670 223 адам. Оның ішінде 177 411-і жасына байланысты зейнетақы алушы, 171 025 – базалық зейнетақы алушы, 321 787 адам -жәрдемақы алушылар. Бұл туралы бүгінгі брифингте ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент  басшысы Руслан Тұңғышбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, департамент өткен жылы әлеуметтік қорғау саласы бойынша 158 783 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Қолжетімді орта қалыптастыру бойынша 94 бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 38 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтары бойынша облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 96 748-ді құрады. Бұл облыс халқы санының 4,7%-ы, ал республика бойынша жалпы мүгедектер санының 13,8%-н құрайды. 2021 жылы 6 139 адамға алғашқы рет мүгедектік рәсімделген. Өткен жылы облыс көлемінде оңалту техникаларымен және әлеуметтік қызметпен 50 мыңға жуық азамат қамтамасыз етілді. Биыл Департамент тарапынан ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген 516 нысанды құрылыс нормалары стандарт талаптарына сәйкестігіне тексеру-бақылау жұмыстарын жүргізу көзделген, – деді Руслан Кәрібайұлы.


Сонымен қатар, брифингке қатысқан департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі басшы орынбасары Ернар Айдарбекұлының айтуынша, өткен жылы толық оңалтудан өткен мүгедектердің саны 1 190 адамды құраған.  Жаңа заңға сәйкес, 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобын тағайындау нормасы енгізілді және алатын жәрдемақы мөлшері де өскен. Одан бөлек, бұрын мүгедектігі бар балалар ата-анасынан айырылған жағдайда өз жәрдемақысын немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақының біреуін ғана алып  отыратын. Ал, енгізілген өзгерістерге сәйкес, екі жәрдемақы да төленеді.

Оған қоса, департамент басшысының әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Жанат Жамахова 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгені құрайтынын айтты. Азаматтардың зейнетақы мөлшерін есептеуде айлық табысы болмаған жағдайда ер азаматтарға 25 жыл, әйелдерге 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда ең төменгі зейнетақы мөлшері тағайындалады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x