Cоңғы жаңалықтар
Back

Түркістан облысында азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға 1,5 млрд теңге бағытталады

Түркістан облысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл 1,5 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отырмыз. Бұл қаржы Тұрақтандыру қорына азық-түлік қорын сатып алуға және ірі сауда орындарын «Айналым схемасы» жобасымен қаржыландыруға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда, тұрақтандыру қорында құны 320,9 млн теңгені құрайтын 3 мың тоннаға жуық тауар бар. Бұл туралы брифингте тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, облыстағы өзге де аудандардағы сауда орындарына тұрақтандыру қорындағы арзандатылған тауарлар жеткізілуде. Ол тауарлардың келуі аудан әкімдігінің сұранысы бойынша жүзеге асады.

– Түркістан қаласы аумағында 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйлерінде («Magnum Cash&Carry», «Дастархан», «Шапағат», «Дәулет») 18 азық-түлік тауарлары арзандатылған бағамен сатылуда. Мәселен, картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, пияз – 70 теңге, тұз – 42 теңге, күріш – 265 теңге, макарон – 200 теңге, қант – 315 теңге, ұн – 150 теңге, күнбағыс майы – 720 теңге, қарақұмық – 480 теңге, жұмыртқа – 34 теңге, тауық еті – 870 теңге, қырыққабат – 110 теңге, әлеуметтік нан – 70 теңгеден сауданалануда. Бұдан басқа, Түркістан қаласында филиалы бар «Магнум» сауда желісімен ӘМАТ-қа сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы келісім жасалды, – деді Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов ӘМАТ бағалары күнделік қатаң бақылауда екендігін айтып, бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, облыстағы ірі базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 1,5-2 айлық қоры бар екендігін мәлімдеді.

Тауар бағаларын тұрақтандыру бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі Бақдәулет Тілеуов биылдың өзінде облыс орталығындағы «Экобазарда» азық-түлік тауарларының 9 жәрмеңкесі өткенін айтты. Айта кетерлігі, әр жұма күні Түркістан қаласындағы «Экобазарда» (Түркістан қаласына кіре берістегі жаңа автовокзал маңы) азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық бағадан арзандатылып сатылуда.

Тағы оқыңыз:

Түркістандық дәрігерлер АҚШ-та алған білімдерін әріптестеріне үйретуде