Ешкімді күшпен ұстамаймыз! Хайп қуғандарға мұхтаж емеспіз – "Nur Otan" партиясы ШҚО филиалы

Dalanews 25 қаң. 2022 13:53 242

«Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орын­басары Олег Чугунков өңірлік партия қатарынан шығатынын мәлім еткен депутаттарға қатысты пікір білдірді.

Оның атап өткеніндей дабыл қағатындай, жаһандық құбылыстар орын алып жатқан жоқ.

"Иә, расында, біздің фракциядан қалалық мәслихаттың екі депутаты «Nur Otan» партиясынан шығатындығын және депутаттық өкілеттіліктерін тоқтататындықтары туралы мәлімдеді.

Осыған байланысты, саяси партия – бұл ортақ саяси мақсаттар мен ұстанымдар негізінде құрылған азаматтардың ерікті бірлестігі екенін еске салғым келеді. Осылайша, екі азамат өздерінің ажырамас конституциялық құқықтарын екі рет пайдаланды: бірінші рет партияға кіргенде, екіншісі одан шыққан кезде. Оларға айтарымыз! Жолдары ашық болсын! Біз ешкімді күшпен ұстамаймыз", – деді ол.



Оның айтуынша келесі айдан бастап партия қатарындағы депутаттардың қоғамдық рейтингін қалыптастыру үшін онлайн платформаны іске қосылады. Бұл рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен неғұрлым тиімді және тұрақты өзара іс-қимыл жасауға ынталандыру және сайлау алдындағы бағдарламаларды іске асыру үшін олардың дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында құрылмақ.

Партия өкілінің пікірінше "Nur Otan" үнемі жаңғыру үстінде жүретін саяси ұйым. Өзін партияның бір бөлшегі сезінбейтін тұлғаларды ешкім ұстап тұрмайды. Партия қатарын "тазарту" жыл сайын жүргізіледі.

 

Кеткен адамдардың орны саяси ұйымға қосылғысы келетін азаматтармен үнемі толығып тұрады. Оның атап өткеніндей қазір облыстық "Nur Otan" қатарына кіруге 200 –ден астам адам өтініш беріп қойған.

"Бірнеше адам кетсе де - бұл ешқандай мәселені өзгертпейді. Мұны партияның өзін-өзі тазарту актісі ретінде қараңыз.

Аты аталған екі азамат партия қатарында кіргелі бері бірде-бір рет белсенділік танытқан жоқ. Партия мұрындық болған ешбір әлеуметтік жобаға атсалыспады. Өзгелерден оқшауланып, тым-тырыс күн кешті.

Оларға мандат қана керек болды. Депутаттық қызметте отырып та түк бітірген жоқ! Олар партияның имиджіне кесірін тигізе алмайды. Хайп қуғандарға мұхтаж емеспіз.


Ия, билеуші саяси күш әрқашан елдің барлық проблемалары үшін жауап береді. "Nur Otan" бәсекелестік күрес арқылы көшбасшы партия, халықтық өкілдік партиясы және парламенттік көпшілік болып табылатынын дәлелдеді.

Біздің алдымызда көп жұмыс пен міндеттер тұр. Бұған азаматтардың шешіміне алаңдауға уақыт жоқ. Мемлекет басшысы жариялаған реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін партиямыз тек нығая түсетініне сенімдімін.


«Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады»- деген екен Күлтеген бабамыз.

Егемен еліміздің ертеңінің баянды болуы, елдегі азаматтардың береке бірлігінде екендігі шындық. Сондықтанда еліміздің дамуымен өркендеуі жолында бірлесе жұмыс атқарып, ел мойынына түскен жүкті жұмыла көтеруіміз қажет", – дейді "Nur Otan" партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орын­басары.

Айта кетелік 24 қаңтарда Семей қалалық мәслихатының екі депутаты Айдос Қисаменов пен Дулат Қажмұханбет "басшылыққа сенімі жоғалғандықтан" "Нұр Отан" партиясы құрамынан шығып, депутаттық мандатынан бас тартатынын мәлімдеді.

Жүк вагондарын жөндеумен айналысатын "Темір-Транс" компаниясының директоры Дулат Қажмұханбет – қалалық мәслихатқа 2020 жылы депутат болған. Желтоқсан айында ол Facebook парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласынан үзінді келтіріп, мемлекет "үлкен жетістікке жетті" деп мәлімдеген.

Semey Mall сауда орталығының иесі Айдос Қисаменов те Семей мәслихатына 2020 жылы депутат болып сайланған. Ол бұрын Семейдегі сәулет ескерткішімен байланысты дауға іліккен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x