Cоңғы жаңалықтар
Back

Өмірзақ Шөкеев Түркістанда 200 нысан салынып жатқанын айтты

Түркістан өмір сүруге қолайлы, туризм мен спорт кластері дамыған шаһарға айналып келеді. Бұл бағытта нақты жоспарлар құрылып, олар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев рухани астанадағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы пандемия кезеңінде де Түркістан облысында құрылыс жұмыстары бір сәтке тоқтаған емес. Бүгінде Түркістан облысы мен оның орталығы алып құрылыс алаңына айналған. Өңірде тұрғындарды үймен қамту бағытында ауқымды жұмыс қолға алынған. Былтыр 11 айда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 600 мың шаршы метрден асты.

Өңір басшысы Түркістандағы «Керуен сарай», «Яссы эко вилладж» тұрғын үй кешендерін аралап, жұмысын саралады. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы талапқа сай жүріп жатыр. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи музейі, «Қылует» мешіті, «Дарын» мектеп-интернаты, Ішкі істер департаменті, жедел жәрдем станциясы ғимараттарының құрылысын да қадағалады. Яссы көшесін абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл әлеуметтік және рухани нысандар іске қосылған соң түркістандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз.

Облыс әкімі Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

– Республикада біраз қиыншылықтар болды. Бірақ елдің бірлігінің және Президентіміздің батыл шешімдерінің арқасында жағдай тұрақталды. Түркістан облысында жағдай тұрақты. Өңірдегі өзекті мәселелер жіті бақылауға алынған. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 200 жаңа нысан мен ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Барлық құрылыс компания басшыларымен жеке-жеке кездесіп, жұмыс кестесін құрып, жұмысшыларды құрылыс алаңына шығарып, жұмысты жандандырып жатырмыз. Ол нысандардың бәрі өз мерзімінде тапсырылады деп сенемін. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңір дамып келеді. Облысты өркендету жолындағы ірі жобалар уақтылы әрі талапқа сай жүзеге асады, – дейді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан қаласында республикада теңдесі жоқ жобалар жүзеге асады. Солардың бірі – халықаралық талапқа сай ескек есу базасы. 80 гектардан астам аумақты алып жатқан базада ескек есу, академиялық есу және өзге де спорт түрлері дамиды. Бұл нысан туристерді тартатын орталыққа да айналмақ. Кәсіби спортпен қатар мұнда қайықпен серуендеп, жағажай волейболын ойнап, демалысты өткізуге болады. Сондай-ақ Түркістан қаласының климатын өзгерту, жасыл алқапты көбейту бағытында да ескек есу базасының маңызы зор. Мұнымен қатар облыс әкімі «Мұз сарайы», Б.Саттарханов атындағы спорттық-сауықтыру орталығы, теннис орталығы және футбол академиясын салу жұмыстарын саралап, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

Аталған спорт нысандары халықаралық жарыстар өткізумен қатар түрлі спорт түрлерінен командалардың оқу-жаттығу жұмысын өткізуіне де оң серпін бермек. Яғни, жаңа спорт нысандары өңірге келушілер санының артуына тікелей үлес қосады.