Мелиоративтік бригада Жетісудағы күріш алқаптарының каналдарын тазартады

Dalanews 07 қаз. 2021 10:24 302

Алматы облысында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын дамыту барысында Балқаш ауданының суару жүйелерін жаңғырту жеке жоба ретінде қарастырылады. Аудандағы күріш алқаптарын суаратын каналдар тазартылып, бұл дақылды өсіретін шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі. Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұл туралы бүгін Балқаш ауданына жұмыс сапарымен барған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауданға сапары кезінде облыс басшысы алдымен Бірлік ауылындағы «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС-ның күріш алқаптарын аралап, шаруашылықтың жай-күйімен танысты. Серіктестік директоры Алмас Қыстаубаевтың айтуынша, шаруашылық биыл - 1114 га күріш, 1589 га – бидай, 2744 га көп жылдық шөп өсірген. Ұжымда 300-ге жуық адам еңбек етеді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 500-ге жетеді. Мұнда 50-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Соның 4-еуі өткен жылы «Жетісу» ӘКК» АҚ арқылы лизингіге алынған болатын. Осылайша ауданда құрылған сервистік-дайындау орталығында аграрлық жұмыстарға қажетті барлық техника топтастырылған.

Сол сияқты облыс басшысы серіктестікке тиесілі қырманда және зауытта да болып, олардағы жұмыс барысымен танысты. Зауыт сағатына 1 тонна таза өнім шығарады. «Бірліктің» күріші облыста ғана емес, Алматы қаласында, таяу шетелдерде саудаланады. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын 1250 тонна таза өнім алған.

Шаруашылық директоры А.Қыстаубаев негізгі мәселе ретінде суару жүйелерін жөндеу мен тазарту жұмыстарын жүргізу керектігіне тоқталды. Бұл ретте Амандық Баталов Алматы облысында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жолға қойылғанын атап өтті.

– Иә, күріш суды көп қажет етеді. Оның алқабын азайтқанда жердің соры шығып, оған ештеңе өспей қалуы да мүмкін. Сондықтан бұл іске жүйелі жоспар жасап барып кірісу керек. Әзірге күріштің алқаптарын сақтап қаламыз. Ол үшін Балқаш ауданының суару жүйелерін жаңғыртуды жеке жоба ретінде қарастырамыз. Күріш алқаптарын суаратын каналдарды тазартуды қолға аламыз. Бұған дейін біз мелиоративтік бригада құрып, Қаратал өзенінің арнасын аршып, оның Балқашқа еркін құйылуына жағдай жасап, елеулі жұмыстар атқарғанбыз. Сондықтан бұл жағынан біздің тәжірибеміз бар деуге болады. Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұған дейін қажетті техникалар сатып әперіп, сервистік дайындау орталықтарын құрдық. Осындай қолдау шаралары шаруашылықтарға бұдан былай да көрсетілетін болады, – деді Амандық Баталов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x