Түркістанда Орта Азиядағы ең үлкен сауда кешені ашылады

Dalanews 29 желт. 2021 09:53 321

Түркістан қаласында келер жылдың қаңтар айында тұтынушылар мен тауар өндірушілерді тікелей байланыстыратын  «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» сауда орталығы ашылады. Сауда нысанының басты ерекшелігі - жергілікті тұрғындар мен келушілерге кез келген тауарды ешқандай делдалсыз көтерме бағада ұсынатын болады. Бұл туралы бүгінгі брифингте кешеннің бас директоры Бақнұр Аюбек мәлімдеді. 

«Бүгінде диқандар өз өнімдерін алып-сатарларға тым арзан бағамен өткізуде. Ал, арадағы алып-сатушылар өзара келіскен түрде азық-түлік бағасын жасанды көтеріп жатады. Бағаны тұрақтандыру үшін - өндірушінің өнімді халыққа тікелей ұсынуына қолайлы жағдайлар жасау қажет. Түркістан қаласында осындай ауқымды жобаның іске қосылуы - бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосады» - дейді кешеннің бас директоры.

Сауда кешенінің жалпы аумағы - 14 гектар. Онда 3000-ға жуық сауда орындары бар. Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қоймалар қарастырылған.  Сондай-ақ, қонақ үй, демалыс орындары, ойын-сауық кешендері мен фудкорт бар.  Айта кетерлігі, кешенде халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» ӘКК АҚ ұйымдастыруымен 2-3% жеңілдетілген несие берілетін болады.

Бұдан бөлек, орталық жанындағы автовокзалдан Ташкент, Самарқан, Бішкек, Хиуа және өзге де халықаралық және республикаішілік бағыттарға қоғамдық көліктер қатынайды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x