«ART форум»: Алматы облысында шеберлік сағаты өтті

Dalanews 10 желт. 2021 06:16 191

Жетісудың кіндік қаласында шығармашылық әлеует бас қосты. Мақсат- аймақтағы жас таланттардың талабын шыңдауға үлес қосу. Өзгеше өнерге арналған форумды ұйымдастырушылар «Jetisy Media» КММ-сі.

Бұндай шара облыс орталығында бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Бұған дейін  «Jetisy-creative days» фестивалі өткен еді. Онда 5 түрлі шығармашылық саладағы кіл мықтылар жиналып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «ART форум» осының жалғасы десек артық айтқандық емес.

Форум, тек шеберлік сағатымен шектелген жоқ. Онда келген суретші, фотограф, муралшылардың туындылары көпшілік назарына шағын көрме аясында ұсынылды. Бұл да креативті көзқарастағы тұлғалардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған жұмыстарының бірегейі.

Сурет салу өнері «екінің бірі, егіздің сыңарына» беріле бермейтін аса керім дүние. Оның сан түрлі иірімін игеру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Әйтседе, сұлу өнерді өмірінің өрнегіне айналдырғандарда бар. Ерекше қолтаңбасы мен қайталанбас қабілетінің арқасында  дараланған дарабоздар форумда төбе көрсетті. Бұл қатарда, Еуразия және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының оқытушысы Бауыржан Досжанов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, түрлі сурет көрмелерінің авторы Мөлдір Сағындықова мен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дәуренбек Бекназаров және Gray ONE Граффити суретшісі Сергей Нагорныхтар бар.

Форумға қатысушы шеберлер түрлі тақырыптағы туындыларды қас-қағым сәтте бейнелеп,таңдай қақтырып, елдің сүйіспеншілігіне бөленді.

Солардың ішінде, заманауи киіз басу технологияларының панельдері негізінде «Ошағың сөнбесін» атты туындыны баса айтқан абзал. Түрлі-түсті киіздің көмегімен жасалған кескіндеме көздің жауын алады. Мұнда, қазаққа тән болмыс, отбасындағы құндылық бейнеленген. Шығарманың аты затына сай.  Тамашалушы жанды тамсандыратын әдеміліктің авторы-Бауыржан Досжанов.  Оның айтуынша, киізден сурет салу асқан ыждахаттылықты талап етеді.

«Киіз басуды кезінде әжелерімізден көріп өстік. Бір қараған көзге өте жеңіл көрінгенімен оны жасаудың өзі үлкен процесс. Бүгінде технология дамыған. Қолдан жүнді түтудің қажеті шамалы. Дайын шикізатты алып, оны қалауымызша түстерге бояп, көңілімізге жатқан сұлбаны шығаруға тырысамыз. Бүгінгі форумға таңдаған тақырыбым «Ошағың сөнбесін» деп аталады. Мұнда қарапайым ғана табиғат пен қазақтың киіз үйін бейнеледім. Осы арқылы жылулық, түтіні түзу шыққан отбасында екенін көрсеткім келді. Мендік түйсік осыған саяды»,-дейді Бауыржан Тәттібекұлы.

Форумға келушілердің жанарын жаулаған тағы бір суреттің салу әдісі тым ерекше болды. Граффити суретші Сергей Васильевич Arton яғни сурет салуға арналған бояудың  көмегімен Санта-Клаусты бейнелеп шықты. Қылқаламмен жұмыс жасаудың өзі ептілікті қажет ететін ескерсек, баллонды қолдану арқылы ауқымды туындыны шығару оңай емес.  Сондай-ақ, Дәуренбек Бекназаров пен Мөлдір Сағындықованыңда жұмыстары елдің көңілінен шықты. Шығармашылық тұлғаға серпіліс сыйлаған форумға келушілер сырбаз өнердің сырына қанығып, тереңіне бойлап тарқасты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x