Шаруалар тамшылатып, жаңбырлатын суғару жүйесіне белсенді түрде көшуі керек, – Қанат Бозымбаев

Dalanews 23 желт. 2021 11:59 142

Алматы облысы Қосқұдық ауылының әлеуметтік мәселелері шешіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың Қапшағай өңіріне барған жұмыс сапары барысында айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары облыс әкіміне шешімін күткен бірқатар мәселелері бар екенін жеткізді. Олардың айтуынша, жаңа су құбыры тартылғанымен ауылда ауыз суға қосылу мен үздіксіз су беруде қиындықтар әлі бар. Ауылдағы мектепте асхана жоқ, спортзал жертөледе орналасқан, ал бастауыш сынып оқушылары бейімделген ғимаратта оқып жүр. Ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктінің мамандары бұрынғы мешіт ғимаратында отыр. Елді мекен көшелерінде жарық шамдары жоқ. Жайылымдық жер жетіспейді. Балалар мен жастардың бос уақытын пайдалы ұйымдастыруға ықпал ететін мәдениет үйі керек. Ауыл тұрғындары ұялы байланыс сапасыздығына, жол жөнделмегеніне шағым білдірді.

Тұрғындардың барлық өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған Қанат Бозымбаев сөз болған мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

– Парламентте Жер кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Өзгерістер қабылданғаннан кейін елді мекендерден шеткері орналасқан жерлер мемлекетке қайтарылады. Соның негізінде жайылымдық жерлерді де қайтара бастаймыз. Жаңа ғана мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пунктте болдым. Екі ғимарат та тозып кеткен. Келесі жылы ФАП-қа арнап жаңа ғимарат тұрғызамыз. Мектепті не демеушілердің қаржысына, не бюджет есебінен саламыз. Бір жылда барлық мәселені шешіп тастаймыз деп айта алмаймын. Өйткені сіздердікі секілді ауылдар көп. Олардың барлығына да көңіл бөлу керек. Бірақ айтқан проблемалық мәселелеріңізді алдағы жылдардың жоспарына енгіземіз, – деді Қанат Бозымбаев.

Мұнан соң облыс әкімі сорғы стансысына барды. Мұнда ол ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды.

Қанат Бозымбаев еурокірпіш шығаратын жергілікті зауыттың да жұмыс процесімен танысты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың кірпіш шығаруға жетеді. «Art-Construction» ЖШС басшысы Батырбек Байжігітовтің айтуынша, зауыт биыл 9 млн. кірпіш өндірген. Өнімді өткізу мәселесі шешілген, тек жұмысшы қолы жетіспейді.

Шеңгелді массивінің агроөнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін ирригациялық жүйелер мен сорғы стансыларын жөндеу қажет. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев баяндап берді. Қанат Алдабергенұлы бұл жұмысқа жаңаша көзқарас керек екенін айтты.

– Ирригациялық жүйелерді жаңа прициптерге сүйеніп, кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қайта қалпына келтіреміз. Тек ылғал сақтау технологиясын қолданып отырған шаруашылықтарға ғана каналдарды бюджет есебінен жөндейтін боламыз. Суды ысырап етпей, жұмыс тиімділігін арттыру үшін шаруалар заманауи агротехнологияны, тамшылатып, жаңбырлатын суғару жүйелерін белсенді қолдануға көшуі керек, – деді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімі «Dinara Group» құрамына кіретін «Племзавод – Алматы» ірі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, Қапшағай өңірінің мал шаруашылығындағы әлеуетін көрді. Мұнда 5 мыңдай Ангус және Герефорд асыл тұқымды ірі қара бар. Соның 3300-і – аналық бас. Қазір тәулігіне 70 тонна сүт сауылады. Ұсақ мал басы 15 мыңға, жыл сайын төл алу көрсеткіші 95%-ке жетіп отыр. Кәсіпорын мал азығын өсірумен де айналысуда. Нысан басшысы Бақыт Атайбеков түйінді мәселелерге де тоқталып, қыркүйек айынан бері субсидия беру кешіктіріліп жатқанын жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына жедел түрде жағдайды анықтап, жылдам шешуді тапсырды.

Қанат Бозымбаев «Oren Space» форматында Шеңгелді ауылдық округі әкімдігінің жұмысымен танысты. Қазір мұнда халыққа мемлекеттік қызметтің 6 түрі көрсетіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x