Шығыстағы Алтай ауданында мәдени салаға құмбыл көңіл бөлінуде

Dalanews 23 желт. 2021 17:35 162

Шығыс Қазақстанның мәдениет саласы ел Тәуелсіздігімен бірге түледі десек, қателеспейміз. Өңірде тамырын тереңнен тартып, бүгінге дейін түтінін түзу ұшырып отырған мәдени бірлестіктер қаншама. Солардың бір шоғыры – Алтайда.

Алтайдың мәдениет саласы кейінгі жылдары тіптен түрлене түскендей. Бұл туралы аудан басшысының өз аузынан естідік.

– Қазіргі уақытта ауданда 13 клубтық мекеме, 27 кітапхана және Достық үйі жұмыс істеп тұр. Серебрянскіде ескі әкімшілік ғимараттардың бірін жөндеп, көпфункционалды мәдени-демалыс кешені етпек ойымыз бар. Бес қабатты ғимаратта мәдениет үйі, шығармашылық бағыттағы түрлі үйірмелері бар музыка мектебі және спорт залдары болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.

Әкімнің айтуынша 2013 жылы бұрынғы «Горняк» Мәдениет үйін «Горняк» мәдени-демалыс орталығы ретінде қайта құрылған. Бүгінде аталмыш орталықта хор, ән және би ансамбльдері, фольклорлық, отбасылық ансамбльдер, халық аспаптары оркестрлері, хореографиялық, драмалық, эстрадалық, вокалдық ұжымдар – жалпы 67 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Барлығы 61 қатысушы бар. 597 адамды қамтыған 48 шығармашылық үйірме де жұмыс істеп тұр.

Ал 2020 жылы Жаңа Бұқтырма кентінің және Парыгино ауылының мәдениет үйлері жаңартылыпты.

– Мәдениет саласындағы маңдайалды бес ұжымды ерекше атап өткім келеді. Олар: «Зыряночка» би ансамблі, «Миряне», «Сударушки», «Товарушки» халықтық фольклорлық ансамбльдері, «Узорье» балалар үлгілі фольклорлық ансамблі. Басқа да ұжымдары табысты өнер көрсетуде. Айталық PRESTISSIMO вокалдық студиясының тәрбиеленушілері және «Ассорти» вокалдық ансамблі, – деп түйіндеді аудан әкімі.

Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап өркендеген Алтайдың мәдениет саласы алдағы уақытта да ауданның атын әйгілейді деп сенеміз

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x