Семейде жерүсті өткелі пайдалануға берілді

Dalanews 23 желт. 2021 16:52 159

Семей қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы жаңа мешітке апарар жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталып қалды.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Ұлыстың ұлы күні Семей қаласында он жылдан астам уақыт күткен жаңа мешіт ашылған еді. 2008 жылы басталған істі ақыры 2018 жылы белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев қолға алып, өз қаражатымен жұмысты қайта жандандырған кәсіпкер басталған істі соңына дейін жеткізген. Мешіт салынғанымен оған апарар жол жоқ еді. Қала ақсақалдары бірнеше рет осы мәселені көтерген болатын.

- Тұрғындар, соның ішінде қала ақсақалдары жаңа мешітке апарар жер үсті өткелін салу мәселесі бойынша маған бірнеше рет жүгінген еді. Жұмыстар ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінде басталды. Жобаны қолға алған "Семей-ОтделСтрой" ЖШС, мердігер "AGM Service" ЖШС, - дейді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов. - Көпірдің ұзындығы - 48 метр, ені - 2,5 метр, биіктігі - 5,3 метр. Айта кету керек, жер үсті өткелі мешіттің сәулеттік келбетіне өте жақсы сәйкес келеді. Бірақ ең бастысы, әрине, ол адамдардың қауіпсіздігі. Қалалықтарға мешітке өту енді әлдеқайда оңай.

Жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі автомобиль жолына кедергі келтірмейді, жаяу жүргіншілер үшін, оның ішінде мектеп оқушылары үшін қауіпсіз өтуді қамтамасыз ететіні анық. Сондай-ақ, қаланың эстетикалық келбеті жақсарып, қала тұрғындары үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етеді.


- Жаңа мешітке салынғалы барып көрмеппін. Жолды кесіп өткенге немесе темір жолдан өте шыққанға жүрексінетінмін. Енді мешітке жету қиындық тудырмайтын болды, - дейді семейлік Әсел Оңғарсын.

Осы орайда Семей тұрғыны Дәулет Дегелен деген азамат Томирис ауданындағы осындай оқыс жол бөлігіне әкімдік назар аударса деген тілек білдірді. Өйткені бұл ауданда үш мектеп пен екі балабақша бар көрінеді. Балалар осы қауіпті жолды кесіп өтуге мәжбүр екен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x