Инновациялық жобалар – ШҚО-ның негізгі имиджі

Dalanews 21 желт. 2021 11:12 402

Осыдан бес жыл бұрын Шығыс Қазақстан инновация бойынша ел көлемінде топ бастады. Облыс басшылығы инновациялық жобаларды жатырқамай қабылдап, түрлі салаларға белсенді түрде енгізуде деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Соның бірі – медицина саласы. Аймақтың медициналық әлеуеті өзге өңірлерге қарағанда оқ бойы озық. Облыста орналасқан медорталықтар, соның ішінде Ядролық медицина және онкология, Роботты хирургия және трансплантологиялық орталық ел көлемінде үлкен сұранысқа ие.

Өңірдегі Роботты хирургия орталығында қауіпті дертке шалдыққан азаматтар өте күрделі ота жасалады. Мұндағы «ақылды аппараттарды» пайдалану орталық мамандарынан жоғары біліктілікті талап етеді.

Роботты хирургия орталығындағы Стратегиялық дамуға жауап беретін бөлімнің меңгерушісі Елена Куликованың атап өткеніндей орталық мамандарының дерлігі өз машықтарын жетілдіру үшін Лондондағы үздік клиникаларда шеберлігін шыңдаған.

«Бүгінде олар шетелде көзбен көріп, қолмен ұстаған озық медқұрылғыларды өз өңірінде қолданысқа енгізіп, қажетке жаратуда.

Медицина саласына инновациялық жобаларды енгізуде өңір басшысының қолдауын сезініп отырмыз», – дейді ол.

Ал Даниал Ахметовтың пікірінше шетелдегі озық медорталықтардан білім алып мамандар елге өзгеріп оралады. Жоғары сапалы қызметті қалай қалыптастыруға керектігін үйренеді. Сол жақтың дәрігерлері еркін қолданатын медаппараттарды ел елінде іске жаратуға асығады.


«Ахметовтың ұйытқы болуымен осыған дейін тек дамыған елдер «қызығын көріп келген» ақылды аппараттар Қазақстанға жетіп, алғаш рет ШҚО-да қолданысқа енді.

Өңірдегі ізденімпаз, энтузиаст мамандар шетелден көрген-түйгенін «көшірумен» ғана шектеліп отырған жоқ, медицинада «Қазақстанда жасалған» брендтерді қалыптастырып жатыр», – дейді Куликова.

Соның бірі – инсультты 10 минуттың ішінде анықтай алатын «Serebro» жобасы. Инсульт күдігімен ауруханаға түскен адамды алдымен томографияға түсіретіні белгілі. Алайда одан алынған мәліметтен инсультты тәжірибелі дәрігердің өзі анықтай алмай жатады. «Serebro» жобасы осы томография мәліметін 100 пайыз дәлдікпен анықтайды.

Ал Даниал Ахметов аймақтағы медицина саласын республикалық деңгейден асырып, Еуразиялық одақтың көлемінде насихаттамақшы.

«Бұған біздің әлеуетіміз жетеді»,  – дейді аймақ басшысы.

Айталық, жақындағы ғана Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығында обыр ауруын радиофармды дәрі-дәрмекпен емдейтін радионуклидті терапия бөлім ашылды.

Ашылғанына бір жыл да толмаған орталыққа көмек сұрап келушілер арасында қазақстандықтардан бөлек, шетелдік емделушілер де жетерлік.

Аймақтағы инновация саласы тек медицина саласымен шектелмейді. Шығыс Қазақстан энергетика саласындағы инновацияларға да басым көңіл бөлуде.


Биыл өңірде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы «ҮЛБІ ТВС» кәсіпорны ашылды. Зауытта ядролы реактордан жылу бөлуге аса қажетті бөлшектер жасалады.

«Мұндай жоба елімізде бұрын-соңды болған жоқ. Ендігіде ядролы жанармай өндіретін жетекші елдермен бәсекеге түсетін мүмкіндік бар», – дейді зауыттың басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.

Шағын гидроэнергетиканы дамытуда өңірдегі өзен-көлдердің әлеуеті зор. Сарапшылардың пікірінше гидростанциялар мұнай бағасына тәуелді емес, әрі қайта қалпына келетін энергия көзіне жатады.



«Қазақстанның гидроәлеуетінің 70 пайызға жуығы ШҚО-да шоғырланған. Егер Шығыстағы гидростанциялар болмағанда осы күнге дейін ауаға 680 тонна көмірқышқыл газы таралар еді. Уақыт кете келе кейбір көмірстанциялар тоқтатып, Шығыстағы өзен-көлдердің қуатын толық пайдалансақ, табиғатты сақтап қалуға қосқан үлесіміз болар еді», – дейді «Тұрғысын 1» ЖШС директоры Қалаубек Баймұханбетов.

Тұтастай алғанда Шығыс Қазақстан өңірін инновациялық жобаларды жатсынбай ең белсенді аймақ деп атауға әбден болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x