Тау бөктерінде қос мектеп таудай таланттарды тәрбиелеуде

Dalanews 14 қыр. 2021 12:50 272

Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылының спорт интернаты чемпиондар тәрбиелей отырып, балалардың білім алуына да баса мән беріп келеді. Таудың бөктерінде орналасқан тарихы бай кішкентай ауылда кәсіпкер Бауыржан Оспановтың қолдауымен жұмыс істейтін екі мектеп бар. Бірі өзінің туған ауылы Жыландыдағы физика-математика мектебі, екіншісі – Лепсідегі мектеп-интернат.

Бауыржан Оспанов жас буынның білімі мен денсаулығына өте үлкен мән береді. «Екі мектептенде сұрайтыным – баланың денсаулығы, білім деңгейі, аман-есен екендігі», – дейді ол. Бұл мектептер мемлекеттік болып саналады, ал кәсіпкер болса – бюджеттен бөлінген қаржы жетпеген тұсын береді. Бұл – көп жағдайда мұғалімдер мен жаттықтырушыларға кететін қаржы.

Расымен де, мектеп-интернаттың жанында ауданы жүз шаршы метрден асатын жер үйлер бой көтерген. Кәсіпкердің есебінен. Бұл жерде мұғалімдер мен жаттықтырушылар тұрады. Үйлерде өмір сүруге керек-жарақтың бәрі бар, жаңа жиһаз, ыдыс-аяғы, техникасы – оқушыларға сапалы білім беру үшін ұстаздар тұрмыстық мәселеге алаңдамағаны дұрыс.

Бауыржан Оспановтың ойынша, Қазақстандағы әр ауданға физика-математикалық, спорттық бағыттағы мектептер қажет, әр өңірдегі ең жақсы ауылдардан ашу керек. Мұндағы жақсы ауыл деп отырғаны балалардың денсаулығы үшін табиғаты дұрыс, ауасы таза, ағзаға шипа болатын елдімекендер. Кәсіпкер қолдау көрсетіп отырған мектептерде тек бір өңірден ғана емес, еліміздің көптеген облыстарынан келген балалар оқып жатыр.



– Біздегі міндет – Олимпиада, Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін, чемпиондарын дайындау, ондай деңгейде дайындайтын жаттықтырушылар санаулы ғана болады. Солардың арасынан әкеліп отырмыз. Кейбірі өз спортының фанаты, барлық жағдайды жасап бердік, балаларды дайындаймыз, үйретеміз деп келіп отыр. Бірі ауылдың табиғатына, бірі жалақысына қызығады. Бірақ бастысы, бәріне бірдей жағдай жасалған. Жаттықтырушы бапкер ретінде тек баламен айналысу керек. Көп жағдайда жаттықтырушылар дайындықтан бөлек, жарыстың қаражатын да іздейді, визасын да жасайды, бар шаруамен айналысады. Ал мына жерде ондай мәселе жоқ, тек қана чемпиондар дайындау керек. Жылдық жоспар жасалады, соған сай қаржы да бөлінеді, бәрі шешілген», – деп жағдайды сипаттап беріп отыр кәсіпкер.

Спорт мектебіне физика, математика сияқты жаратылыстану пәндері бойынша да мықты мұғалімдерді сырттан әкелген. Қазір мектептердегі негізгі бес-алты пәнді ағылшын тілінде оқытатындай дайындық жүріп жатыр, ол үшін тіпті ауылға Африкадан мұғалім шақырған да екен.

Тағы оқыңыз:

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x