Cоңғы жаңалықтар
Back

Текелі сүт зауыты тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шығарады

Моноқала Текеліде бірнеше жылдан бері сүт өндірісімен айналысып, халықты табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытының 60 жылдық тарихы бар. Кәсіпорында «Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылады, соның ішінде сүт, айран, май, қаймақ, сүзбе және басқа да көптеген түрлері бар. Алдағы уақытта балмұздақ пен ірімшік шығару жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Текелі» сүт зауытының тарихы сонау 1953 жылдан басталады. Алғашында сүт жинайтын сауда нүктесі ретінде құрылды. 1987 жылы оған жеке кәсіп мәртебесі берілді. Ал қазіргі «Текелі сүт зауыты» деген атауы көпке кеңінен таныс. Ұжымның тынымсыз еңбегінің және басшылықтың ұйымдастыра білу шеберлігінің арқасында 1990 жылдардағы күрделі кезеңде де кәсіпорын жұмысы ақсаған жоқ. Ал тәуелсіздік жылдары зауыт қайта түлеп, жұмысы жаңаша қарқын алды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге ие болды. Өндіріс толықтай қайта жаңғыртылды. Заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұдан соң зауыт тауарына деген сұраныс артып, кәсіпорын бүгінгі нарық талабына сай дами түсті.

«Текелі» сүт зауытының өндіріс жөніндегі директоры, мұнда 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Валентина Кубрак былай деп еске алады:

– Алғаш зауытқа 1990 жылы өндіріс шебері ретінде қабылдандым. Бұл – еңбек жолымды алғаш бастаған жерім. Содан бері 30 жыл бойы осы зауыттың қабырғасында еңбек етіп келемін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет қолдауының арқасында зауыттың шығаратын өнімінің көлемі едәуір артты, өндіріс іргесі кеңейді. Бүгінгі күні тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Зауытта тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олардың алды кемінде 20 жылдан бері осында еңбек етіп жүрр. Бұл ретте 45 қызметкердің 30 %-ын  жастар құрап отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөліп, қолдап отырамыз. Кәсіпорын есебінен бір мезгіл ыстық тамақ және тегін жүру билеті беріледі, – дейді В.Кубрак.

Директор өз сөзінде зауытқа сүттің қайдан әкелінетінін де айтып берді. Оның айтуынша, шикізат қала маңындағы шаруа қожалықтарынан, жеке аулалардан жиналады. Зауытта сүттің сапасын тексеретін арнайы зертхана бар. Тек зертханалық тексеру қорытындысы шыққаннан кейін ғана сүт өндірісте қолданылады.

Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүргізілгеннен кейін сепаратордан өткізіледі. Соның арқасында сүт табиғилығын сақтайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүттің ұйып қалмауы үшін гомогенизация, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пастерлеу процестері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі.

«Текелі сүт зауыты» өнімінің басты ерекшелігі – оның ешқандай қоспасыз, өнімінің табиғи қалпын сақтауында», – деді В.Кубрак. Сондықтан сүтте табиғи дәрумендер сақталатындықтан, өнімді сақтау мерзімі шектеулі. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айраны 7 күн ғана сақталады.

– 1953 жылдан бастап біз таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істедік. Біздің сүтімізді балабақшада, мектептер мен ауруханаларда пайдаланды. Өйткені біз өз өнімімізді таза табиғи сүттен дайындадық. Және әлі күнге сондай сапаны ұстанып келеміз, – деді кәсіпорын директоры.

Зауыт өнімдерін тұрақты тұтынатындар қатарында жеке сатып алушыларды айтпағанда, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Текелі» санаториі, кондитерлік цехтар, ірі сауда дүкендерінің желісі т.б. бар. Талдықорған, Алматы қалаларында да сұраныс жоғары.

Өткен жылы «Текелі» сүт зауыты» ребрендинг жасап, өзінің барлық өнімінің сыртқы қаптауын толықтай өзгертті. Соның арқасында өнім қаптамасы бұрынғыдан гөрі айқын, танымал, қолайлы бола түскен. Қазір сүт зауытының тауарларын интернет желісі арқылы кеңінен жарнамалай бастады. Өткен жылы «Инстаграм» желісінде ашылған Tekelikz парақшасының бүгінде жазылушылар қатары 4 мыңнан асты. www.tekeligmz.kz сайты жұмыс істейді.

Кәсіпорын індет жағдайында үлкен сынақты бастан өткерді. Індетпен күрес жағдайында да зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Қайта отандық тауарға деген сұраныс екі есеге артып, өнім шығару көлемі де ұлғайтылды. Кәсіпорын қызметкерлерінің бәрі коронавирусқа қарсы вакцина алды. «Осылайша өзіміздің, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдардың да өмірін қауіптен қорғаймыз», – дейді олар.

Келесі жылдан бастап зауыт балмұздақ пен ірімшік шығаруды бастамақ. Сонымен қатар жаңа технологияның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарықтағы позицияларын нығайтып, тауардың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.

Атап өтсек, кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жүлдегері, көптеген марапаттарға ие болған.

– Осы жыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ал біздің кәсіпорнымыз үшін – екі есе қуаныш. Осы жылдар ішінде Текелі қаласы да өсіп-өркендеді, жаңа арнаға бағыт алды. Кәсіпорындар көбейіп, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар  салынды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, қызметкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында біздің зауыт да іргесі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге талпынуда. Сапалы өнім шығарып, жас мамандарды оқытып-үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Біз отандық өндірісті дамытуға үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Осы 30 жылда мен қарапайым маманнан директорға дейінгі қызметтік баспалдақтардың бірінен өттім, кәсібімді терең меңгеруге мүмкіндік алдым, өз-өзімді дамыттым, сөйтіп табысқа жеттім. Осындай даму жолдарының бәрі біздің береке-бірлігіміздің, бір-бірімізді қолдаудың, мемлекеттің жағдай жасағанының арқасы деп білемін. Мереке қарсаңында барша жерлестеріме зор денсаулық, табыс, отбасыларына қуаныш пен бақыт тілеймін, – деді Валентина Кубран.

Күнделікті таңғы сағат 5-те сүт зауытының өнімдері көлікке тиеледі, таңғы асқа жеткізіп үлгеру үшін сағат 6-да тиісті нүктелерге, дүкендерге таратылады. Бұл – зауыттың бірнеше жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрі.

Атап өтсек, Текелі қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, биылғы 9 айда Текелі қаласында құны 307,2 млн. теңге болатын 1100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген.

Ал облыс бойынша қазіргі кезде 74,1 мың басқа арналған 116 мал бордақылау алаңы, 26,1 мың басқа лайықталған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%, сүт зауытының жүктемесі 85 % жетті.