Cоңғы жаңалықтар
Back

Шөкеев Түркі кеңесінің инвестициялық қорының штаб-пәтерін Түркістаннан ашуды ұсынды

Түркістанды Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар жандана түседі. Бұл жөнінде бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесуінде айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бағдат Әміреев Түркістандағы өзгерістерге, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Түркі кеңесі аясында маңызды бастамалардың бірқатарын осы шаһарда жүзеге асыруға қолдау болатынын жеткізді.

– 2021 жылғы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі өтіп, «Түркістан декларациясы» қабылданды. Қазіргі таңда Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасында кәсіпкерлікті қолдау бағытында ортақ инвестициялық қор құру жұмыстары жүріп жатыр, – деген ол Түркі кеңесі арқылы Түркістанның тарихи-мәдени ғана емес, экономикалық рөлін арттыру бағытында да игі істерді талқылауға дайын екенін атап өтті.

Өмірзақ Шөкеев инвестициялық қордың ресми штаб-пәтерін Түркістаннан ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен бірге Түркі кеңесі ұйымы аясында Түркістанда еркін экономикалық аймақ ашу үшін логистика мәселесін шешуге, Түркі мемлекеттері кәсіпкерлерінің форумын Түркістанда қабылдауға мүдделі екенін жеткізді.

«Бізге Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелді. Осы ретте бауырлас елдерге ортақ халықаралық ұйымдардың бірінің бас кеңсесі Түркістанда орналасуы тиіс деп есептеймін. Түркі кеңесімен бірлесіп, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Тағы оқыңыз:

Түркістанда премьера! «Фариза» спектаклі сахналанады