1 қыркүйек? Ата-анасының өтініші бойынша оқушылар онлайн оқи алады - Бекшин

Dalanews 21 там. 2021 11:56 239

Алматыда көптеген ата-аналар баласына онлайн оқуға мүмкіндік беруді сұраған. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бекшиннің атап өткеніндей мұндай өтініш түсірген ата-аналардың балалары қашықтан оқи алады. 

Әлемжелідегі парақшасында мектеп оқушыларының мәселесіне қатысты соңғы қаулысын тарқатып түсіндірген бас санитар қашықтан оқудың талаптарына тоқталды. 

Оның айтуынша, оқушылардың басым бөлігі министр Аймағамбетовтың бұйрығына сай санитарлық шараларды сақтай отыра, дәстүрлі форматта оқитын болады. Алайда ата-аналардың сұрауы бойынша онлайн оқуға да мүмкіндік беріледі. 

“Біз тыныс алу жүйесінде созылмалы сырқаты бар оқушыларға білім алуды онлайн негізде жалғастыруды ұсындық. Бұдан бөлек індеттің таралу қарқынына алаңдаған кейбір ата-аналар дені сау балаларына да онлайн оқуға мүмкіндік беруді сұрауда. Біз олардың өтінішін ескерусіз қалдырмаймыз, соңғы қаулыда біз мұны қарастырдық. Ата-аналардың талап-тілегі бойынша қашықтан оқуға болады”, – деді Бекшин. 

Десе де, мұның қалай жүзеге асарын ашып айтпағанын атап өту керек. 

Бекшиннің Алматыдағы эпидахуалға қатысты соңғы қаулысы 16-шы тамызда қабылданған-тұғын.

Соған сәйкес сенбі-жексенбі күндері қоғамдық объектілердің жұмысына тыйым салу 31 тамызға дейін ұзартылған. 


Бұған дейін елдегі эпидахуалға баға берген министр Цой республикамыздағы ең жоғары аурушаңдық деңгейі Алматы қаласына тиесілі екенін айтқан. Сондықтан мұнда қатаң карантиндік шектеулер енгізілген.

“Алматыда жағдай үрейлі, өлім деңгейі жоғары, аурушаңдық деңгейі республикамыздағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, сондықтан шектеу шаралары қазіргі жағдайға сәйкес келеді. Таразы басында ел азаматтарының өмірі тұр. Біз барлығын егжей-тегжейлі қарап жатырмыз және бірінші мүмкіндікте жеңілдіктер жасаймыз, бизнеске жұмыс жасауға мүмкіндік береміз”, – деді министр.

https://dalanews.kz/news/66839-karantin-qashan-zhengildeydi-ministr-co

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x