Back

Ковидтен көз жұмған әкемді мәйітханадан бірден зиратқа алып кетті – астана тұрғыны

Бір апта бұрын Нұр-Сұлтанда Сыздықовтар отбасы отағасынан айырылды. Ер адам коронавирустан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Отбасы бұл вирусқа дер кезінде назар аудармағанына өкініп отыр, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.

“Бәрі кенеттен болды. Алдымен анам, содан кейін әкем ауырып қалды. Әкемнің денсаулығы 2 күн ішінде күрт нашарлап кетті. Екеуі бірден КВИ ауруханасына жатқызылды”, – дейді Гүлжан Сыздықова.

Марқұмның жақындарының айтуынша, оның еш жері ауырмаған, яғни денсаулығында кінәрат болмаған.

“Біз оларды қолымыздан келгенше қорғадық. Бірақ оқшауланудан шаршап, қыдыра бастады, достарымен, туыстарымен көрісті. Біз оларға қанша рет абай болыңдар, барлық карантин шарасын сақтаңдар деп ескерттік.

Әлі күнге дейін әкеміздің өмірін осы инфекция жалмағанына сене алар емеспіз. Біз қазақстандықтарға вирус бар екенін және оның аса қауіпті екенін жеткізгіміз келеді. Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін”, — дейді марқұмның балалары.

Коронавирус ер адамның өкпе органын ә дегеннен 36%-ке қабындырған. Содан кейін тыныс алу жетіспеушілігі пайда болып, өкпе ісінуімен реанимацияға жеткізілді.

“Біз бәрі қалпына келіп, жазылып кетеді деп ойладық. Бірақ екі апталық күрестен кейін дәрігерлер бізге қайғылы жаңалықты жеткізді — жүрегі шыдамай қайтыс болды. Ковидтің кесірінен біз онымен дұрыстап қоштасып, денесін үйге әкеле де алмадық. Бұл инфекция болғандықтан, оны мәйітханадан бірден зиратқа алып кетті”, — деді марқұмның балалары.

Дәрігерлер тек вакциналау сіздің жəне жақындарыңыздың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін еске салады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана пандемияны жеңуге болады.