Back

Әр ресторанның алдына бір-бір полицей қою керек – Шөкеев

Түркістан облысында орналасқан 500-ден астам тойхананы полиция қызметкерлері күзетеді.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін осындай әдіс ұсынды.

Облыс басшысы мобильді топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

“Әр тойхананың алдына бір-бір полиция қызметкерін қою керек. Бұл да аурудың таралуына жол бермеудің тиімді тәсілі болатын шығар. Күрестің осы жолын да көру керек. Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жан-жақтан күрес күшейтілсін”,- деді Шөкеев.

Карантин талаптарының орындалуын бақылайтын мобильді топтардың мониторинг жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде соңғы аптада 115 тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шара анықталды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

COVID-19 індетіне шалдыққандар саны 10 мыңға жуықтады. Соңғы аптада вирус жұқтырғандардың көбі – 20-49 жас аралығындағы адамдар.

Облыста барлық 141 егу пунктінде коронавирусқа қарсы вакциналау жүргізілуде. 109 пункт термоконтейнермен қамтамасыз етілген. 80 көшпелі егу бригадасы жұмыс істейді.

Өңірге вакцинаның 610 мыңға жуық дозасы жеткізілген. Бірінші компонент 583 мыңдай адамға немесе 95%, ІІ компонент 404 мыңға жуық адамға немесе 77% егілді.

Жыл басынан бері облыс бойынша жасақталған 127 мобильді топ 190 мыңнан астам нысанды аралады. 3,5 мыңға жуық хаттама толтырылып, айыппұл салынды.