Түркістан облысында жастар арасында туризм мен өлкетануды дамыту ісі қолға алынды

Dalanews 16 шіл. 2021 09:54 284

Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалындағы туристік-спорттық лагерінде «Түркістан облысы балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетануды дамытудағы тәжірибе мен жаңашылдық» тақырыбында облыстық семинар өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Адами әлеуетті дамыту басқармасының облыстық «Жас туристер станциясы» ұйымдастырған басқосуға аудан, қалалардағы жас туристер станцияларының басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірімізде балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту, экология бағытында жұмыстарды жандандыруда аудандармен бірлесіп жұмыс атқару. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезіндегі көрсетілетін іс-тәжірибемен алмасу, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру.

– Біздің мамандарымызды Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері меморандум негізінде тәжірибеден өткізді. Нәтижесінде, мұғалімдеріміздің қадағалауымен лагерь аумағында үздік деп танылған «Жас құтқарушылар» тобының оқушылары шеберлік сыныбын ұйымдастырды, – деді облыстық «Жас туристер станциясы» КММ директоры Сәуле Өмірсерікқызы.

Семинарда «Жер – біздің ортақ үйіміз» тақырыбы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама жасады.

Бекітілген іс-шара жоспарына сай семинарға қатысушылар Біркөлік шатқалына жорыққа шықты. Таудағы саяхатта қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, сақтық шараларының алғышарттары көрсетілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x