Cоңғы жаңалықтар
Back
sagintaev

Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданындағы жолдар мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев  жұмыс сапары кезінде Думан, Алатау және Көлсай шағын аудандарында болды, бұларда  қала тұрғындарының өтініштері бойынша жолдар, спорт нысандары және инженерлік коммуникациялар салынуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медеу ауданында абаттандыру бойынша жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі – су қорғау жолағын және Есентай өзенінің арнасын су бөлгіштен Жамақаев көшесіне дейін реконструкциялау жұмысы. Қала әкімі жағалаулардың жөнделген және нығайтылған учаскелерін, сондай-ақ өзен арнасының кеңейген әрі  тереңдетілген жерлерін аралап көрді.

Жаяу жүргіншілер жолы аралас жасалады, яғни, кейбір бөліктерге асфальт төселеді, басқалары ағаштан жасалады. Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға барынша ыңғайлы  болу үшін баспалдақсыз жайлы өтпелі жол жасауды тапсырды.

Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын жаяу жүргіншілер аумағының бойына сыртқы жарықтың 350 бағаналары мен кіші сәулет пішіндері орнатылады, қоқыс жәшіктері, орындықтар қойылады, мұнда балалардың ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер көпірлері мен көру палубалары болады. Санитарлық-гигиеналық құрылғыларды да орнату қарастырылған. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жаңа Тереңқұрға айналатын жаяу жүргіншілер аймағы абаттандыру жұмыстары аяқталған соң серуендеу үшін кезең-кезеңмен  ашылатын болады.

Думан шағын ауданында жолдарды күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде ұзындығы 5,2 шақырым болатын 14 көшеге асфальт төсеу аяқталды. Ұзындығы 22,2 шақырым болатын 39 көшеге  асфальт төселетін болады. Жұмыс барысын көрген Бақытжан Сағынтаев Думан шағын ауданының орталық көшелеріндегі  жұмысты аяқтауды және шеткі көшелерге өтуді тапсырды.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде Таиров көшесінің тұрғындары өтініш білдірген көшкін қаупі пайда болған жағдаймен де танысты. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жақын арада беткейді нығайту жұмыстары басталады. Таиров көшесінің бойына орналасқан 72 үй тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Алматы әкімі ИТП АЭА жанына орналасқан Алатау шағын ауданын  дамытуға ерекше назар аударды. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бірінші кезекте күрделі жөндеуді қажет ететін аурухана ғимаратына сараптама жүргізіледі. Мұнда шағын ауданның 10 мыңнан астам тұрғынына медициналық қызмет көрсетіледі.

Қала әкімі 1200 оқушыға есептелген №7 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Оның тапсырмасы бойынша мектеп жаңа оқу жылына дайын болуы тиіс. Бұдан өзге, жыл соңына дейін ауысымына 150 келушіге арналған ДСК пайдалануға беру жоспарлануда.

«Бюджетке қатысу» аясында абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Ардагерлер аллеясына барған әкімге жергілікті тұрғындар жасөспірімдерге арналған скейт-парк салуды сұрады. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бұл мәселе зерделенетін болады.

Бұдан өзге, қала әкімі тұрғындардың өтініші бойынша аумағы жеке меншікке тиесілі Ұлы Отан соғысы ардагерлері скверінің қазіргі жағдайымен танысты. Жер телімінің иесі саябақты абаттандыру жобасын әзірлеуге және оны ұсынуға ниет білдірді.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Көлсай шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 15,1 шақырым сумен жабдықтау және судан бұру жөніндегі инженерлік желілердің құрылыс қарқынымен танысты. Бүгінде мұнда 14,5 км желі тартылған. Құрылыс аяқталған соң жол жамылғысын қалпына келтіру жоспарланған. Жұмыс сапарының соңында қала әкімі әл-Фараби даңғылы бойымен Меңдіқұлов көшесінен Достық даңғылына дейін созылған тоғыз қабатты 22 үйдің қасбеттерін ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді.

Тағы оқыңыз:

Алматылық кәсіпкер пластикалық бұйымдарды өндіру үшін 5 млн теңге грант ұтып алды