Елордада екпе алушылар арасында тағы екі iPhone12 ойнатылады

Dalanews 12 шіл. 2021 08:40 208

Нұр-Сұлтанда вакцина алушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Тағы екі iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың екінші ұтыс ойынына 7 шілде мен 16 шілде аралығында вакциналанған адамдар қатысады.

Ұтыс ойыны тікелей эфирде 17 шілде (сенбі) күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) парақшаларында өтеді.

IPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың алғашқы ұтыс ойыны 9 шілде күні өткен болатын. Бұл автоматты ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап қалада 6 шілдеге дейін (қоса алғанда) вакцинацияланғандар қатысты.

Birge платформасында байқау жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер қызметі орнатылды, ол жеңімпаздарды ID арқылы таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты.

Бүгінгі күні сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинацияланғандар туралы мәліметтерімен біріктірілген. Осыған байланысты екпе алған елорда тұрғындары конкурсқа автоматты түрде қатысады, оған арнайы құжат толтырып, қосымша вакцина алудың еш қажеті жоқ. IPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын елорда әкімдігі апта сайын жаздың соңына дейін өткізеді.



Айта кетейік, елорда тұрғындары арасында вакцинация алудың белсенділігін арттыру үшін бағалы сыйлықтар ойнатылады. Екпе алғандар арасында өтетін ұтыс ойынына екі бөлмелі пәтер де қойылды. Жылжымайтын мүлікті жеңіп алуға осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан қала тұрғындары қатысады. Бұл ұтыс ойынына елордадағы вакцинацияның барлық пункті қатысады: медициналық мекемелер, СОО/СҮ. Айта кету керек, ұтыс ойындары демеушілердің көмегімен өткізіледі.

Ал "MEGA Silk Way" СОО өзінен вакцинация пунктінде бірінші компонентін алғандар арасында автомобиль ұтысы өтетінін жариялады.


Елордада өткізіліп жатқан ұтыс ойындары тұрғындардың вакцинациялауға деген белсенділігін арттыру үшін жасалып жатқан шара. Ал ең маңыздысы — ұжымдық иммунитетті дамытып, карантинге дейінгі қалыпты режимге оралу. Ал ұжымдық иммунитет үлесі 60%-дан кем болмауы керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x