Түркістанда татулықты дәріптеген «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 25 мау. 2021 16:56 244

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан халқының татулығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы жазбалар бойынша үздіктердің қатарында аға буынның бәсі биік болды.

Қазылар алқасының шешімімен журналист-блогер Төлеген Ахметов I орынға, Түркістан қалалық газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Сарыбаева II орынға ие болды. Ал, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Несібелі Иманқұлова III орынға лайықты деп танылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған сайыста «Жас қаламгер» номинациясы бойынша Оқушылар сарайы жас тілшілер үйірмесінің шәкірттеріне ынталандыру сыйлығы бұйырды.

– Ел арасындағы толеранттылықты жетілдіру арқылы этносаралық татулық пен бірліктің нығаюына атсалысып, өз көзқарастарын әлеуметтік желілерде жариялауда белсенділік танытқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Барлығыңызды алдағы келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтамын, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар бөлімі басшысының м.а. Мадина Камеденова.

Жиын соңында сөз алған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбектің айтуынша, байқауда көптеген журналистер мен блогерлер бақ сынаған. Олардың шығармалары «Шаңырақ журналистер клубының» әлеуметтік желі парақшасында жарияланған. Сайыс нәтижесінде барлық жүлдегерлерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x