Мұқағали мұражайы адам танымастай өзгерген

Dalanews 16 мау. 2021 09:53 272

Райымбек ауданы, Қарсаз ауылында орналасқан қара өлеңнің қара нары Мұқағали Мақатаев атындағы мұражай ағымдағы жөндеуден өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атқарылған жұмыс барысымен Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев танысып шықты. Ақынның мұражайы 1991 жылы ашылған. Ғимарат жөндеуден өткеннен кейін ішкі залдары жаңарды. Жер төсеніштер мен жарық беруші шамдар тегістей жаңасына ауыстырылған.

Іргелес аумақта жасыл желектерді суарудың жерасты заманауи жүйесі салынған. Мұражайдың айналасындағы қоршаулар боялып, жақын маңдағы саябақта демалуға арналған орындықтар жаңартылған. Шатырды жөндеу мәселесі шешілуде.

Бүгінгі таңда мұражайда Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар 800 жуық заттар мен құжаттар бар. Олардың қатарында оның жеке қолжазбалары, киімдері, кеңсе заттары, жұмыс жиһазы, тұрмыстық керек-жарақтар, күнделіктер сынды құнды жәдігерлер бар.

Қыркүйек айында мұнда көптеген салтанатты іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Мұражай директоры Ерлік Ахметовтің айтуынша, бұл әдеби-мемориалдық мұражай биылғы күзде мерейтойлық салтанаттардың орталығына айналады.

– Біздің музей аудан орталығы – Нарынқол ауылынан алпыс шақырым жерде орналасқан және Ұлы Мұқағалидің алтын мұрасының бірегей қоймасы болып табылады. Осы жылдар ішінде ондағы экспонаттар саны үнемі өсіп келеді. Бүгінгі өскелең ұрпақтың, мектеп оқушыларының туған жерге деген сүйіспеншілігін жырлаған ақынның өмір тарихын білуге   ұмтылатыны қуантады, – деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x