Түлкібаста 20 жылдық түлектер 13 жыл жалдамалы пәтерде тұрған көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

Dalanews 25 мам. 2021 14:36 302

Түлкібас ауданының орталығындағы Абай атындағы мектеп-лицейінің 20 жыл бұрынғы түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға 4 бөлмелі баспана сыйлады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша мектеп түлектері үйді көпбалалы Дүйсенбековтер отбасына табыстады. Отағасының мүгедектігі бар отбасы 13 жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген. Мектеп қабырғасындағы өткен «Соңғы қоңырау» шарасынан кейін түлектер тосынсый жасап, кілтті отбасыға табыстады.

Баспана заман талабына сай жөндеуден өткен. Электр жарығы мен су және газын да қосып, ішін қажетті жиһазбен де қамтыған. Осы уақытқа дейін аудан әкімдігінің қамқорлығында болып келген отбасыға алдағы уақытта жомарт жандар мен мемлекет тарапынан басқа да көмектер көрсетілмек.

Бұдан өзге, аудандағы Қарағашты ауылында Дауан жалпы орта мектебінің дәл осындай 20 жыл бұрын бітірген түлектері төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жандары бар Тәжібаевтар отбасының құлап қалған үйін қайта тұрғызып, баспанасын жаңартып берген. Сондай-ақ, аталған мектептің түлектері Қарағашты ауылының орталық мешітінің жылу жүйесін жүргізіп, кілемдерін жаңартып берген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x