Маңғыстауда халықты ауыз сумен қамту – басты назарда

Dalanews 19 мам. 2021 17:57 220

Маңғыстау облысы ауыз су тапшылығы жыл сайын жаз мезгілінде бетпе-бет келеді. Қазір өңір бойынша су өндіру көлемі тәулігіне 139,7 мың текше метрді құрайды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, өңірді сумен қамтуда тәулігіне 48,2 мың текше метр су тапшылығы бар.

– Маңғыстауда 4 су көзі бар. Оның біріншісі – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі. Бұл ұйым, негізінен, Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданы Ақшұқыр, Сайын Шапағатов елді мекендерінің тұрғындарын сумен қамтып отыр. Екінші су көзі – «Каспий» су тұщыту зауыты. Бұл зауыттың өндіретін суын Мұнайлы ауданы мен Қарақия ауданы Құрық селосының тұрғындары тұтынады. Үшінші су көзі – «Магистральды су ағызғысы» ЖШС. Аталған ұйым Бейнеу ауданы, Маңғыстау ауданы, Жаңаөзен қаласы мен Жетібай елді мекенінің халқын сумен қамтамасыз етеді.  Сондай-ақ, облыс аумағында пайдалану қоры тәулігіне 14 800 м3 жер асты сулары бар, – деді Бердібек Қартбаев.

Спикердің мәліметінше, өңірдегі ауыз су мәселесін шешу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен «Жол картасы» әзірленді. Осыған сәйкес, алдағы уақытта бірнеше су тұщыту зауыты салынады.

– «Жол картасы» аясында «Каспий» су тұщыту зауытының қуаты 40 мың текше метрге артады. Нәтижесінде Маңғыстау облысында қосымша су көзі пайда болады. Сондай-ақ, Баянды ауылындағы су тұщыту қондырғысының қуатын 3,5 текше метрге арту жұмыстары қолға алынған. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің аумағында қуаты 24,0 мың текше метр су тұщыту қондырғысының құрылысын салу жоспарда бар. «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17,0 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асырамыз. «Кендірлі» курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50,0 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асыру жоспарланды. Аталған жұмыстар аяқталса, облыстағы ауыз су мәселесі толық шешіледі, – деді Бердібек Қартбаев.

Баспасөз конференциясында Ақтау қаласындағы ауыз су мәселесі жөнінде қала әкімінің орынбасары Серік Гусман да ақпарат берді. Оның мәліметінше, қаладағы су жетіспеушілігін жою мақсатында 18 мамыр мен 15 маусым аралығында қаладағы I сатыдағы бірқатар кәсіпкерлік нысанға уақытша ауыз су беру тоқтатылады.

– Бұл туралы әкімдіктің ресми парақшаларында хабарладық. Егер қажет болған жағдайда II сатыдағы кейбір нысандарға да шектеу қойылады. Себебі, халықты ауыз сумен қамту – басты мәселе. «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-нің су дайындау қондырғысындағы жөндеу жұмыстарынан кейін, тұрғын үйлерге тәулігіне 50-52 мың текше метрге дейін ауыз су беріледі, – деді Серік Гусман.

Брифингке «МАЭК-Казатомпром» ЖШС департамент директоры Сәбит Желкүшінов те қатысты. Оның айтуынша, қазіргі таңда «МАЭК Қазатомпром» ЖШС-нің су дайындау қондырғысында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, қазір қалаға тәулігіне 40-42 мың текше метр ауыз су берілуде, яғни қала бойынша 5-7 текше метр су жетіспеушілігі орын алуда. Аталған жөндеу жұмыстары 15-маусымға дейін аяқталады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x