Шөкеев ақсақалдардың базынасына құлақ түрді

Dalanews 24 сәу. 2021 10:31 261

Бәйдібек ауданы үшін «Қапшағай» су қоймасының маңызы зор. Тіршілікке нәр берген нысан суын бүкіл аудан жұрты тұтынады. Алайда, жергілікті жұрт стратегиялық маңызы бар нысанның біраз жылдан бері жөндеу көрмегеніне алаңдаулы. Маңызды мәселені Бәйдібек ауданының ақсақалдары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде көтерді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында аудан ақсақалдарымен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Аудан тұрғындары су қоймасының қазіргі жағдайын тексеріп, қажет болса жөндеу жұмыстарын жүргізуді, осылайша, қауіптің алдын алуды жеткізді. Облыс әкімі стратегиялық маңызы бар нысан республикалық меншіктегі мүлік болғандықтан, мұндай маңызды шешімдердің министрлік тарапынан қабылданатынын түсіндірді. Аталған мәселеге қатысты облыс тарапынан ұсыныстар жолданатынын айтты.

«Қапшағай» су қоймасы 1982 жылы салынған. 34 млн. текше метр су сияды. Өңір басшысы көпті көрген абыз ақсақалдармен жүздесудің маңыздылығын баса айтты. Карантин шаралары сақталып ұйымдастырылған отырыста аудан аумағындағы бірқатар ұсыныстар ортаға салынып, талқыланды.

– Жаһанды жаулаған індеттің өршуінен байланыс үзіліп, басқосулар тоқтатылғаны белгілі. Бүгінде еліміз бойынша Түркістан облысы «жасыл аумақта» тұр. Бұл үлкен жұмыстың көрсеткіші. Қазір өздеріңізбен кездесуді қайта жандандырып жатырмыз. Әр ауданнан ақсақалдарды жинап, қандай оңды жағдайлар, қандай кемшіліктер болып жатқанын талқылаудамыз. Өйткені біз үшін кері байланыстың болуы өте маңызды. Ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің тізгіні ауыл ақсақалдарының қолында тұрғаны анық, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Бәйдібек ауданының ақсақалдары аймақтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қозғап, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Ауыз су, тұрғын үй мәселелерін көтерді. Аудан орталығында кезекте тұрған отбасылар үшін көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызуды ұсынды. Облыс басшысы ауылды жерлерде көпқабатты үй тұрғызудың қателігін түсіндірді.

– Тұрғын үй салу ұсынысын қолдаймын. Дегенмен, ауылды жерлерде көпқабатты тұрғын үй салу – қате. Проблемаға айналар мәселе. Кәріз жүйесін жүргізудің машақаты бір бөлек. Көпқабатты үйден көрі, ауылда жер үйлер салу керек. Жер жетеді. Кезекте тұрған азаматтар үшін шағын жер үйлер тұрғызуға болады. Жобасын қарастырайық, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын нығайтуда ардагерлердің еңбегі орасан екенін атап өтті. Ауданның мәселесін көтеруге келген  ақсақалдарының белсенділігі үшін ризашылығын білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x