Келесте қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға баспана салуда

Dalanews 28 сәу. 2021 19:01 272

«Келес-Абай» қайырымдылық қорының көмегімен Келес ауданы Біртілек ауылдық округінен тұрмыстық жағдайы төмен 2 жанұяға арнап баспана салу жұмыстары басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан әкімі Ақментай Есбаев тұрғынүй салынып жатқан алаңға барып, жоспардағы жобалармен танысып, нысанның іргестасын қалау шарасына қатысты. Ол алдағы уақытта өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлер анықталса, осы қордың мұқтаж жандар үшін баспана салуына берілетінін айтты.

– Осы игілікті шара бойынша ауданымыздың қалталы азаматтарына үндеу тастадық. Жерлесіміз, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Диас Абдиев бастама жасап, бүгін міне жаңа баспананың іргетасын қалау сәтіне куә болып отырмыз. Қасиетті Рамазан айында бастау алған игі шараға ынтымақты ел екенімізді көрсетіп, қолғабыс болсақ деген ниетіміз бар, – деді аудан әкімі.


Атап өтсек, Келес ауданында ашылған «Келес-Абай» қайырымдылық қорына ауданның қалталы азаматтары қолдау көрсетеді. Жиналған қаржыға тұрмыстың тауқыметін сезініп, үйсіз жүрген келестіктерді баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қордың жетекшісі, кәсіпкер депутат Д.Абдиевтың айтуынша, қордың жұмысын жандандыра отырып, кәсіпкерлердің басын біріктіріп, баспана құрылысын жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x