Back
| DalaNews

Түркістан облысында «Бақытты отбасы» жобасы арқылы мәселелер шешіліп жатыр

Бүгін Түркістанда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында құрылған Түркістан облыстық жедел әрекет ету тобының отырысы өтті. Оған осы топ құрамына енген облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен өкілдері қатысты. Жиынға «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты Калыйма Жантөреева төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде қиын жағдайларға қалған отбасыларға, әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Zoom платформасы арқылы Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Төлеби ауданында құрылған жедел әрекет ету топтарының жұмыстары бойынша баяндамалар тыңдалды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұловтың айтуынша, облыс орталығында жедел әрекет ету тобы жұмыс істеп жатыр. Аталған топ полиция қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім салалаларының қызметкерлерімен бірлесіп, көптеген мәселелерді шешуге ықпал еткен. Атап айтсақ, 264 адамға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және діни негізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері  бойынша қызмет көрсетілген. Заңгердің қызметіне – 104 адам, психолог қызметіне – 73, әлеуметтік сала қызметіне –79 және теологтың қызметіне 8 адам жүгінген.  Отбасы мен туыстары бас тартқан 3 қарияны Шымкент қаласына әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыруға көмек көрсетілсе, ішкілікке салынған 4 жас ана психологиялық және наркологиялық диспансерлік орталыққа емделуге жолданған. Балалары туыстарына және бейімдеу орталығына орналастырылған.

Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың айтуынша,  Арыс АПБ-нің есебінде 18 жасөспірім және 45 қиын отбасы есепте тұрады. Қиын жағдайда қалған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау бойынша әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бекайдар Алимбетов шаһарда жедел әрекет ету тобы құрамына түрлі жауапты мекеме басшылары мен өкілдері енгізіліп, тиісті идеологиялық және ұйымдастыру жұмыстары атқарылғанын айтты. Оқу орындарында кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылып, жасөспірімдерге психологиялық кеңес берілген. Сонымен бірге аз қамтылған отбасыларға әкімдік және демеушілер арқылы қолдау көрсетілген. Әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2021 жылдың 3 айында 73 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 52 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік жауапқа тартылған. Әлеуметтік жағдайы төмен және қолайсыз отбасылардағы 8 тұрғын алкоголизмнен профилактикалық емдеуге, 4 адам сот шешімімен 6 ай мерзіміне мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. Қазір Кентауда 14 жайсыз отбасы есепке алынған. Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде 30 отбасы есепте тұрады, ол шаңырақтарда 49 кәмелетке толмаған бала тәрбилеленеді. Оның 42-сі мектепке барады. Аталған оқушылар мектеп басшылығы, педагогтар мен психологтардың жіті қадағалауына алынған. Төле би ауданында да «Бақытты отбасы» жобасы бойынша қозғалыс бар. 2020 жылы ауданда психологиялық көмекті аса қажет ететін 73 отбасы назарға алынып, құқықтық кеңестер берілген. Аталған 3 қала мен 1 ауданда «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылып, отбасыларға азық-түлік, тиісті көмек ұсынылған. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы ақпараттық жұмыстар қолға алынған.

| DalaNews Жиында «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман қиын жағдайға қалған отбасыларға тек әлеуметтік көмек көрсетіліп қана қоймай, оларды тұрақты жұмыспен қамту жолға қойылса деген ұсынысын жеткізді. Оған қоса жуырда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және жергілікті жауапты мекеме қызметкерлері мен ерікті жастардың мониторинг жұмыс қортындысына да тоқталды. Аталған топ Түркістан қаласында 13 кәріз құдығының қақпағы ашық әрі тұрғындар үшін қауіпті күйде қалып тұрғанын айтты. Жауапты мекемелердің бұл мәселеге жедел назар аудару керектігін жеткізді. Жиынды қортындылаған Калыйма Жантөреева:

– Жедел әрекет ету тобының мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, жергілікті әкімдіктер мен қоғам арқылы оларға жан-жақты көмек көрсету. Біз ана мен баланың құқығын қорғау, жалпы қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселесін назарда ұстауымыз керек. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында барлық аудандарда бұл жұмыс жалғасады, – деді.

Жедел әрекет ету топтары өңірде өз жұмысын 2020 жылы бастаған.  Бүгінгі таңда 1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық, 174 ауылдық, жалпы саны 191 жедел әрекет ету тобы құрылған. Оның құрамы партия өкілдері, мектеп психологтары мен ұстаздардан, полицейлер, дәрігерлер мен әлеуметтік бағыттағы қызметкерлерден жасақталған.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі