Жаңаөзенде екі кәсіпорын іске қосылды

Dalanews 01 сәу. 2021 07:19 241

Бүгін Жаңаөзен қаласында қос бірдей жаңа өндірістік жоба іске қосылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бір жобаны «ӨзенҚойма» ЖШС жүзеге асырды. Аталған мекемеде ескі сорғы штангаларынан құрылысқа арналған арматура өндіреді. Кәсіпорынның жылдық қуаты 2400 тонна. Айына 260 тонна арматура өндіретін мүмкіндігі бар бұл кәсіпорын керекті шикізатты «Өзенмұнайгаздан» алады.

– Осыдан жарты жыл бұрын «Өзенмұнайгаз» компаниясынан пайдаланудан шыққан штангілерінен арматура жасаудың жобасын ұсынған болатынбыз. Сол жоба қалалық әкімдік пен «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан қолдау тапты, – деді өндіріс ошағының басшылары.


Алдағы уақытта кәсіпорынға Жұмыспен қамту орталығы арқылы 20 адам жұмысқа орналасады деп жоспарлануда.

Іске қосылған екінші кәсіпорын «Silkway Trading» ЖШС-не тиесілі.  Бұл цехта қара және түсті металл сынықтарын қайта өңдейді. Сондай-ақ,  темірбетон конструкцияларына арналған дайын металл бұйымдарын дайындау, ыстықтай болат арматура және болттар мен гайкалар дайындау кіреді. Цехтың жылына 3500 тонна болат арматура шығаруға мүмкіндігі бар. 25-ке жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x