Back
| DalaNews

Түркістан: «Nur Otan» фракциясында өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы фракциясының мәжілісі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мәжілісті Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясыны жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету   бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, өткен жылы Түркістан облысында қылмыс саны төмендеген.

– 2020 жылдың 12 айында аса ауыр қылмыстардың ашылуы 96,7%-ға жоғарылады. Мал ұрлығына байланысты қылмыстар 2 есеге азайған. Облыс көлеміндегі полиция бақылауындағы 56 бейнекамера мен 21 фиксатордың көмегімен 64 445 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оған 4 млрд. 364 млн. 284 мың теңге сомасына айыппұл салынып, 2 млрд. 412 млн. 808 мың теңге өндірілді, – деген Қайрат Дәлбеков  облыс орталығына жұмыс істеуге келген полиция қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі шешілсе деген ұсынысын жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуы бойынша облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндама жасады.

– Жалпы облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2020 жылы 19 жобаға 145,4 млрд.теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынды. Денсаулық саласы бойынша облыста 1 млрд теңгеге 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Спорт саласы бойынша «Тарлан» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру, сервистік қызмет көрсету жобасы іске асырылуда. Сонымен бірге «Мейір» ардагерлер үйі жаңғыртылуда, – деген басқарма басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Кентау, Арыс қалаларында да ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Мәжілісте депутаттар жарыссөзге шығып, баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын жүзеге асыруда күн тәртібіндегі мәселелер маңызды рөлге ие екеніне тоқталды.

Жол картасында облыс бойынша ішкі істер департаментіне 2021 жылы аудан, қалаларда 119 дана бейнебақылау камераларын орнату, жол-патрульдік полиция қызметкерлерін 588 дана видеорегистраторлармен жабдықтау, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандарының жергілікті полиция бөлімшелерінде 57 онлайн режимінде бақылайтын бейнекамералар орнату жоспары енгізілген. Осыған тоқталған фракция жетекшісі мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында да түйткілдер бар екенін айтты.

– Өздеріңізге белгілі, 2020 жылдың 14 желтоқсанында  «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы бастаған республикалық сайлауалды штабына Кентау тұрғындарынан шағым түсті. Онда  Кентау қаласында орналасқан 42 жекеменшік балабақшаның біразында жалақы қарызы бар екені анықталды. Бұл мәселе партиялық бақылау комиссиясы арқылы талқыланып, тиісті шара көрілген. Дәл осыған ұқсас мәселе Келес және Сарыагаш, Созақ аудандарында да бар екені анықталды, – деген ол аталған мәселелер партия бақылауына алынып, шешімін тауып жатқанын айтты.

Фракция отырысы қортындысы бойынша баяндамашылардың хабарламалары назарға алынып, күн тәртібіндегі мәселелер мәслихаттың кезекті сессиясына ұсынылсын деген қаулы қабылданды.

Тағы оқыңыз:

Түркістандық жас депутат Наурыз мерекесіне орай 112 отбасына азық-түлік таратты