ШҚО. «Арман» балабақшасының директоры мен тәрбиешісі жұмысынан босатылды

Dalanews 04 нау. 2021 17:00 269

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі өңірлік комиссия шұғыл отырысы өтіп, оған Өскемен қаласының «Арман» балабақшасында болған оқиға қаралды, – деп хабарлайды Dalanews.kz  ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 3 наурызында Өскемен қаласындағы «Арман» балабақшасының ата-анасы тәрбиеші тарапынан балаларға қатыгездік көрсету туралы өтінішпен Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасына жүгінген болатын.

Жиналысқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық прокуратураның, ШҚО бойынша полиция департаментінің өкілдері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялардың төрағалары мен хатшылары, қалалар мен аудандардың білім беру бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ «Арман» балабақшасы тәрбиеленушілерінің ата-аналары қатысты.

Комиссия төрағасы-облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың айтуынша, оқиға 17 ақпанда болған. Алайда балабақша әкімшілігі тарапынан дер кезінде тиісті шаралар қабылданбаған.

– Осы себепті, «Арман» балабақшасының әкімшілігі тарапынан бұзушылықтар еш күмән тудырмайды. Видеода мұғалім баланы екі рет еденге лақтыратыны және мұның бәрі басқа балалардың, сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің көз алдында болғандығы көрсетілген. Оқиға 17 ақпанда болды, бірақ бізге бұл жағдай кеше ғана белгілі болды. Балабақша әкімшілігі ешкімді хабардар етпеді. Осыған байланысты, кеше біздің тарапымыздан шұғыл шаралар қабылданып, осы жағдай бойынша барлық деректер құқық қорғау органдарына берілді.


3 наурызда ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бүгін балабақша директоры мен тәрбиеші атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында екенін атап өткім келеді. Білім беру, мектепке дейінгі, арнайы мекемелердегі балаларға мұндай көзқарасқа жол берілмейді, – деді Әлішер Мархабат.

Бүгін балабақша ата-аналарымен кездесу өтті. Ата-аналар күні бойы арнайы келіп, бейнебақылау жүйесі арқылы басқа топтардағы жағдайды тексеруде. Хельга Заритовская балабақша ата-аналарының атынан отырыста сөз сөйлеп, осы жағдайға байланысты мекеменің барлық қызметкерлері әділ жаза алсын деген тілегін білдірді.

– Ең алдымен баршаңызға алғыс айтқым келеді. Шынында да, біздің ісімізге барлығы, соның ішінде облыс басшылығы да қосылды. Бізде бір тілек бар, осы балалар мекемесін толық тексерсеңіздер. Біз директорға, тәрбиешіге және онымен бірге жұмыс істеген басқа тәрбиешіге, сондай-ақ күтушілер мен медбикелерге қатысты барынша шаралар қабылданғанын қалаймыз. Сонымен қатар, видеодан оқиғаның куәсі болғанын көруге болатын, алайда еш шара қабылдамаған хатшыда жауапкершілікке тартылуы керек, – деп атап өтті Хельга Заритовская.

Комиссияның барлық мүшелері ата-ананы қолдап, болашақта мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Біз сіздер сияқты балаларымыздың сапалы білім және лайықты тәрбие алуына, ең бастысы олардың қауіпсіз жағдайда болуына мүдделіміз. Бұл баланың физикалық және психологиялық денсаулығына да қатысты. Бұл іске қатысты ешқандай ерекше көзқарас болмауы керек. Біздің тарапымыздан барынша қолдау болады, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат.

Айта кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша комиссия өңірдегі білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін Ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығару мәселесін қарады. Комиссияның шешімі бойынша жұмыс тобы құрылды.


Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығару жұмысы қолданыстағы стандарттарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында барлық балабақшалар мен мектептер бейнебақылаумен жабдықталған.

Комиссия, сондай-ақ айына бір рет мониторингтік топ жұмысының қорытындысын қарауға шығару туралы шешім қабылдады. Аталмыш топ өз кезегінде облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының бейнебақылау жүйелерінің барлық жазбаларын апта сайын зерделейтін болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x