Мұрат Мұханов: «Газталдағыш газбен уланудың алдын алады»

Dalanews 02 нау. 2021 13:26 310

Маңғыстауда тұрғын үйлер мен пәтерлерде 11 мыңнан астам газталдағыш құрылғысы орнатылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Бүгінде облыс аумағындағы тұрғын үйлер мен пәтерлерде 11 410 газталдағыш құрылғысы орнатылғанын Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұханов мәлім етті.

Оның айтуынша, газталдағыш (газоанализатор) құрылғыларын орнату – табиғи газбен уланудың алдын алатын ең тиімді тәсіл.

– Тұрғындардың үйіне газ талдағыш құрылғыларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті бюджеттен 800-ге жуық арнайы құрылғы сатып алынды. 200 газталдағыш Бейнеу ауданында, тағы 300 Түпқараған ауданында қондырылған. Қосымша 300 құрылғыны Қарақия ауданының тұрғын үйлеріне орнату жоспарланып отыр, – деді Мұрат Мұханов.


Журналистермен жүздескен Мұрат Мұханов биыл Маңғыстау облысында жыл басынан 44 өрт тіркелгенін алға тартты. Оның айтуынша, өрт барысында 5 адам құтқарылып, 168 адам эвакуацияланған.

Өрт нәтижесінде 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды. Ал улы газдан улану салдарынан 2 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды. Тұрғын үй секторында 17 өрт оқиғасы, автокөлікте 15 өрт оқиғасы тіркелді.

– Жылыту маусымына дайындық кезеңінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік осал топтағы 3 мыңнан астам үйді есепке алды. Тиісті мамандар үйлерді аралап, рейд жүргізді. Тексеріс нәтижесінде 625 үйде 749 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталып, сол жерде жойылды, – деді департамент басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x