Маңғыстау облысында жаңа мұнай кенорны ашылды

Dalanews 25 ақп. 2021 14:48 275

Маңғыстау облысындағы Бейнеу және Маңғыстау аудандарының аумағында орналасқан Тепке учаскесінен ТЗ-бірінші барлау ұңғымасынан мұнай бұрқағы атқылады. Алынған сынамалар бойынша мұнай сапасы өте жоғары, жеңіл, күкірті жоқ, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап 

Бұл  қуанышты хабарды облыс әкімі Серікбай Трұмовпен кездескен «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті Б.Қуандықов жеткізді. Оның айтуынша Тепкедегі кенорын – еліміз тәуелсіздігін алғалы 30 жылда  Маңғыстау облысында ашылған алғашқы ең ірі кен орны болмақ.

– 2018 жылы басталған геологиялық барлау жұмысы нәтижесін берді. Алынған мұнайдың қысымы, дебиті, газдық факторы және басқа да параметрлері бойынша ірі кен орны болады деп болжап отырмыз. Қазір кенорнындағы мұнай қорын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа кенорынның айналасында «Қарақұдық», «Арыстан» және «Комсомольское» кенорындары орналасқан, – деді Меридиан Петролеум компаниясының президенті Б. Қуандықов. 


Жаңа кенорнына аты аңызға айналған геолог-барлаушы, Маңғыстаудағы барлық кенорнын ашуға атсалысқан Халел Өзбекқалиевтың есімі берілді.

Облыс әкімі С.Трұмов аталған мұнай кен орнының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кең серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашылатынын айтты. Ел игілігі үшін жасалып жатқан жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x