Атырауда Қайтпай сұлтан мешітінің іргетасы қаланды

Dalanews 25 ақп. 2021 12:58 220

Бүгін Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау қаласының іргесіндегі  Еркінқала ауылында атақты Қайтпай сұлтан мешітінің іргетасын қалады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

– Тәуелсіздік жылдары руханиятымыздың өзегі қайта жанданды. Дәстүрлі дініміз дәріптеліп, аясы кеңейіп келеді. Соның жарқын көрінісінің бірі – бүгін іргетасы қаланып жатқан Еркінқала ауылында бой түзейтін 500 орындық мешіт. Алла үйі әрқашан жақсылық пен ізгіліктің алтын ұясы. Жамағаттың жарыса жетіп, жанына руһ алатын жаймашуақ мекені. Мейірімділік, кішіпейілділік пен жомарттық сынды игі қасиеттерге шақыратын бірегей орын. Бастама құтты болсы! Халықтың игілігіне жарап, имандылықтың ордасына айналсын! Руханиятымыз кемелденіп, еліміздің ынтымағы мен бірлік-берекесі арта берсін! – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Алланың үйі тек ғибадат орны емес, бұл – салт-дәстүрімізді елдің бірлігін, ынтымағын насихаттайтын қасиетті орын. Мешіт тек дінді насихаттайтын ғана емес, сонымен қоса қайырымдылық жасайтын орталыққа айналғаны белгілі. Сондықтан, бұл мешіт те халыққа зор пайдасы тиер орын болады деген сенімдеміз. Қазақта «азаны бар ел азбайды» деген сөз бар, ендеше бес уақыт азан айтылып тұратын, аллаға құлшылық ететін халықтың ынтымағын насихаттайтын орынның жұмысына сәттілік берсін!» деп батасын берді.

Мешіт ауыл тұрғындарының өтінішіне сай, жергілікті кәсіпкерлердің қаражатымен салынады. Жоспар бойынша бір жылда құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.

Мешіттің ішінде құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары мен дәрісханалар болады, сондай-ақ жанынан асхана мен имамның үйі салынады деп жоспарлануда.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Атырау облысында 34 мешіт жұмыс істеуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x