Ахметов жұмыстан босатылатын 1969 адамды жұмыспен қамтудың амалын қарастыруда

Dalanews 23 ақп. 2021 07:38 272

Даниал Ахметов «Бипэк авто – Азия авто» компаниясының жұмыстан босатылатын қызметкерлерін жұмыспен қамту мәселесін қарады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі облыс басшысы өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында сілтеме жасап.

«ҚР Еңбек кодексінің 53 бабының 1-тармағына сәйкес, «Бипэк авто – Азия авто» компаниялар тобының бөлімшесі 2021 жылдың 10 ақпанында аумақтық жұмыспен қамту органдарына ағымдағы жылдың 10 наурызынан бастап босатылуы мүмкін 1969 жұмыскердің тізімін ұсынды. Олардың ішінде 1905 адам еңбекке қабілетті болса, қалған 64 қызметкер зейнет жасында. Осыған орай, аталған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында менің басшылығыммен жедел штаб құрылды. Оның құрамына қадағалау және құқық қорғау органдары,

«Бипэк авто – Азия авто» компаниясының басшылығы кірді. Өткен аптада штабтың үш отырысы өтті. Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижесі – еңбекақыны, коммуналдық және бюджетке міндетті төлемдерді төлеу үшін «Бипэк авто – Азия авто» компаниясының бұғатталған шоттары ашылды. Бұл ретте компания басшылығы жалақыны 2021 жылғы 10 наурызға дейін төлеу туралы шешім қабылдағанын атап өткім келеді, – деді облыс әкімі.  


Бүгін ШҚО ірі кәсіпорындарының қатысуымен жедел штабтың тағы бір отырысы өтті. Өзара бірлескен жұмыстың арқасында екі күн ішінде аймақтағы жетекші компаниялардың бос жұмыс орындарының тізімі құрылды.

Мәселен, бүгінгі күні еңбекке қабілетті жастағы 1905 жұмыстан босатылатын қызметкер үшін облыс бойынша 3199 бос жұмыс орны бар (резерв 1294), оның ішінде 1303 ірі кәсіпорындарда және 1896 Электрондық еңбек базасында.

Жиын барысында «Кэмонт» АҚ Персоналдармен жұмыс департаментінің басшысы компания босатылған қызметкерлерді жұмысқа қабылдау рәсімін бастап кеткенін атап өтті. Бүгінде 80-нен астам адам алдын-ала әңгімелесуден өткен және олар өз міндеттерін аяқтағаннан кейін жұмысқа кірісуге дайын екендігін жеткізген.

Жұмыспен қамту қызметі әр адаммен жеке-жеке жүргізілетінін ерекше атап өткім келеді. Әрбір қызметкер бойынша жедел ақпаратты мен күн сайын сағат 18.00-де жеке зерделейтін боламын.

– Бүгін автомобильдерді өнеркәсіптік құрастырумен айналысатын отандық зауыттардың басшылығымен келіссөздер жүргіздім. Олар жинақта жұмыс істейтін мамандарды қызметке алуға дайын екендігін жеткізді. Сондықтан жедел штаб «Бипэк авто – Азия авто» басшылығына Алматы мен Қостанайда жұмыс істегісі келетін немесе ниеті бар 270 адамның алдын ала тізімін дайындауды ұсынды, – деді Даниал Ахметов жеке парақшасында.


Облыс әкімі «Баланы дамыту орталығы» мекемесінің жұмысын сақтау бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы да жазды. Аталмыш мекеме бүгінгі таңда 260 орындық мемлекеттік тапсырысты алу үшін тиісті құжаттарды жинауда. Айта кетейік, орталықта 73 адам жұмыс істейді, оның 28-і педагог. Атқарылған жұмыстар аясында 11 наурыздан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруды қамтамасыз етіледі. Ал қызметкерлер өз жұмыстарын жалғастырады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x