Жаңаөзенде ескі үйлер жөнделуде

Dalanews 17 ақп. 2021 14:38 154

Жаңаөзенде тозығы жеткен үйлер шетінен жөнделуде. Бұл туралы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сүйіндік Мұхаммедов мәлім етті.

Бөлім басшысының айтуынша, Жаңаөзен қаласында 52 ескі үй бар. 2020 жылы «Самұрық-Қазына Транс» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен 27 тұрғын үйге жобалық сметалық құжаттама дайындалған-ды.

Қазіргі таңда үш үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалық сметалық құжатта көрсетілген негізгі жұмыстар – жертөлелерде орналасқан ішкі инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдар жаңарту, тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу және колонналарды, шатырды, баспалдақтарды жаңарту болып табылады. Жоспар бойынша, аталған жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

– Кейбір көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үйге күрделі жөндеу жасау мәселесін біржақты әкімдіктің міндеті деп түсінеді. Заңнамаға сай, әкімдік тұрғын үй қорының сақталуына бағытталған іс-шараларды жүргізуге жауапты. Алайда негізгі жауапкершілік сол тұрғындардың өзінде, – деді Сүйіндік Мұхаммедов.


Айта кетейік, Жаңаөзен қаласы «Шаңырақ» шағын ауданындағы №19 көпқабатты тұрғын үйлердің 70%-ы, «Шұғыла» шағын ауданындағы №5, 6 үйлерді жөндеу жұмыстарының 40%-ы аяқталды.

Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x