Алматы облысында 5 жылда 27 мың орындық 49 мектеп салынған

Dalanews 17 ақп. 2021 09:20 227

Білім беру саласында мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қашықтықтан оқыту үшін барлық жағдай жасалған. 80 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд.теңге бөлінді, 23,7 мың мектеп компьютері мұқтаж жандарға уақытша пайдалануға берілді.

Бұл туралы облыс басшысы Амандық Баталов халық алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.

Демеушілік қаражат есебінен 2110 бірлік ұйымдастыру техникасы беріліп, бір млрд. теңгеге 70 жаңа жайлы автобус сатып алынған. Мектеп әжетханаларының мәселесі де өз шешімін тауып келеді. 348 оқу ордасында бұл жағдай реттелсе, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп 17 мектептің әжетханаларын жасау  қалған.

Білім саласындағы тағы бір мәселе, үш ауысымды оқу орындарының санын қысқарту. Үш ауысымды оқытуды жою үшін Үкіметтің қолдауымен соңғы бес жылда 27 мың орындық 49 мектеп салынған.

Көші-қон мен бала туу көрсеткішінің артуына байланысты үш ауысымда оқытатын метеп саны артуда. Алматы облысында бүгінгі таңда 49 білім ордасы 3 ауысымда балаларды оқытады.

«Өткен жылы барлығы 7 мектеп пайдалануға берілді, биыл 18 мектеп саламыз. Жұмыспен қамту 2021 жол картасы аясында тағы жеті мектептің, оның ішінде үш ауысымның орнына алты мектептің құрылысы басталады. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында Талдықорған қаласында Жетісу университетінің, Медициналық және политехникалық колледждердің, Қаратал ауданында Бастөбе колледжінің жатақханалары салынды»,-   деді облыс әкімі есеп беру кезінде.


3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98% - ға жетті. 127 балабақшаның ашылуымен қамту 2022 жылы 100% - ға дейін жеткізіледі.

«Облыс бойынша 193 балабақшаның ыстық суы жоқ, 105 – і сумен қамтамасыз етілмеген, 20 – сы кәрізсіз. Президент балаларды ерте жастан дамыту жүйесін, мектепке дейінгі оқытудың баламалы нысандарын құруды және басқа да мәселелерді қамтитын кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондықтан осы проблемаларды шешу жөніндегі облыстық жоспарды мұқият зерделеп, әзірлеу қажет»,- деп түйіндеді аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы. .

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x