Cоңғы жаңалықтар
Back
| DalaNews

Даниал Ахметов су тасқынына дайын болуды тапсырды

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесінде жылыту маусымы, қыс мезгіліндегі жолдардағы қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ су тасқыны кезеңіне бағытталған жоспарлар талқыланды.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы автомобиль жолдарында 19 жылыту, төрт медициналық-құтқару пункті және 27 жол бойындағы кафе жұмыс істейді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісовтің айтуынша, қазіргі таңда облыс жолдарында ұзындығы 495 шақырымды құрайтын 314 қар басу ықтималдылығы жоғары учаске бар.

– Қыс маусымы басталғалы облыстың автомобиль жолдарында 12 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде тоғыз адам құтқарылды, қауіпсіз орындарға 35 адам эвакуацияланды. Қар басу ықтималдылығы жоғары 314 учаскесіне ұзындығы 20 676 погонды метр қалқандар орнатылды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында 2020 жылы Алтай ауданында Зубов орта мектебін қорғау үшін 66 қалқан орнатылғанын ерекше атап өткім келеді, – деді Ерлан Нұрпейісов.

Жиында сондай-ақ, облыс аумағындағы су тасқыны кезеңіне қарсы дайындық туралы мәселелер талқыланды.

| DalaNews

– Барлық әкімдерге аяз салдарынан жердің қату тереңдігін зерттеуді тапсырамын, әсіресе Катонқарағай, Глубокое, Шемонаиха, Аягөз, Алтай аудандарына ерекше назар аударамын. Қазіргі қардың деңгейі белгілі, бірақ біз ақпан айында да қар мен боран болатынын ескеруіміз қажет. Сенбіге дейін су тасқыны кезеңіне дайындықтың егжей-тегжейлі жоспарын енгізуді тапсырамын. Барлық су қоймаларындағы судың жағдайын бақылауда ұстаңыздар, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтуде. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, технологиялық бұзушылықтардың туындауына және оларды қысқа мерзімде жоюға күн сайын мониторинг жүргізуде. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша, Семей қаласының жағдайы зерттелді. Нәтижесінде ЖЭО-1, «Ғаббасов», «103 – ЮЗА», «Орталық», «35 квартал» қазандықтары және жылу желілері тексерілді. Тексерудің алдын ала есебін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов баяндады. Аймақ басшысы Семейдегі жылу мәселесі бойынша толық есепті жақын күндері дайындауды тапсырып, мәселе барлық жауапты органдармен егжей-тегжейлі талқыланатынын атап өтті.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Тағы оқыңыз:

Шығыста «Еріктілер жылы» қорытындылады